Бірнеше облыстың полиция қызметкерлері пара алды деген күдікке ілінді (ВИДЕО)
Агенттік пен ІІМ бірлесіп бірнеше өңірде рейд жүргізді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ішкі істер министрлігінің жеке қауіпсіздігімен бірлесіп бірқатар өңірлерде ішкі істер органдары қызметкерлері арасындағы жемқорлық фактілерінің алдын алды.
БҚО-да взвод командирі жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілініп, уақытша ұстау абақтысына қамалды.
«Батыс Қазақстан облысында полиция департаменті патрульдік полицияның бірқатар қызметкерлері, соның ішінде взвод командирі, полиция капитаны арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алды. Олар жол ережесін бұзған азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін жүйелі түрде пара алғаны үшін күдікке ілінді. Взвод командирі ұсталып, Орал қаласының уақытша ұстау абақтысына қамалды», - делінген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сол сияқты, Шымкент қаласында жол ережесін бұзған азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін 130 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін қалалық патрульдік полиция қызметінің полиция лейтенанты күдікке ілінді.
Алматы облысында Талдықорған қаласы полиция басқармасының аға тергеушісі, полиция капитанының қылмыстық істі тоқтату туралы шешімді қабылдағаны үшін азаматтан 50 мың теңге пара алды деген күдікпен тексеріс жүріп жатыр.
Маңғыстау облысында пробациялық бақылаудағы тұлғадан көрсеткен қамқорлығы мен қоғамдық жұмысқа тартпау үшін 60 мың теңге пара алғаны үшін күдікке ілінген облыстық Қылмыстық атқару жүйесі комитеті департаментінің Мұнайлы ауданы пробация қызметінің бөлім басшысына қатысты тергеу жүргізілуде.
Күдіктілерге қатысты соңғы шешімді сот шығарады.