«Қытайға бармаңдар»: Қазақстанның бас санитарлық дәрігері коронавирус бойынша жағдайды түсіндірді
Қазақстанда Қытайда тарап жатқан коронавирустық инфекция жұқтырғандар жоқ
Бұл туралы бүгін Қазақстандағы бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин айтты. Оның айтуынша, ертең аурудың алдын алу үшін Алматы, Нұр-Сұлтан әуежайларында жаттығу жұмыстары өтеді. Әзірге инфекцияны оқшаулау мақсатында бірқатар профилактикалық шаралар қабылданған. Шекаралық өткізу пункттерінде 14 713 адам тексерілген.
«ҚР Сыртқы істер министрлігінің ҚХР-дағы елшілігіне Ухань қаласындағы этимологиясы белгісіз пневмониямен сырқаттанудың эпидемиялық жағдайы туралы ресми ақпарат беру жөнінде хат жіберілді. Шетелге шығатын қазақстандық азаматтарды (туристер, студенттер, мигранттар және т. б.) ақпараттандыру мақсатында Білім және ғылым, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Мәдениет және спорт министрліктеріне ұсыныстар жіберілді. Қазақстанның мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінде, әсіресе Қытай елінен келетін барлық адамдарға (жолаушылар, тасымалдаушылар, экипаж мүшелері, бортсеріктер және басқалары) міндетті түрде байланыссыз термометрия жүргізіледі. Көліктегі ТКҚСҚБ департаменті әуежай, шекара және кеден қызметінің қызметкерлерімен, бортсеріктермен, ұшу құрамымен, жолаушылар пойыздарының жолсеріктерімен профилактикалық жұмыс жүргізуде. 43 семинар, 304 нұсқау, 1144 әңгімелесу өткізілді. ҚР әуежайларында ҚХР-ға шығатын адамдарға таратылатын жаднама бекітілді», - деді Жандарбек Бекшин.
Бас санитарлық дәрігер егер шұғыл жағдай болмаса, азаматтарға Қытайға, әсіресе, Ухань қаласына және Хубэй провинциясына бармауға кеңес берді. Сонымен бірге, үй жануарларынан, жабайы жануарлардан алыс болып, қолды жиі жуған дұрыс. Егер суық тию секілді жұқпалы аурулар болмаса, жөнсіз дүрлікпей, ұдайы қорғаныс маскасын кие бермеу қажеттігін де айтты.
Соңғы мәліметтер бойынша, вирус Қытайдың 25 провинциясында таралған. «Жалпы 571 адамның жұқтырғаны расталса, олардың 95-і ауыр халде, ал 17 адам қайтыс болды», - деп хабарлады ҚХР Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі мемлекеттік комитеті. Ауырған адамдардың көбі Ухань қаласында орналасқан теңіз өнімдеріне арналған Хуанань көтерме сауда базарында жұмыс істеген. Инфекцияны жұқтырғандар Жапония, Оңтүстік Корея, Тайвань және АҚШ азаматтары.
Ақпарат үшін:
Коронавирус (CoV) – қарапайым суық тиюден бастап таяу шығыс респираторлық синдромы (MERS-CoV) және ауыр жіті респираторлық синдром (SARS-CoV) сияқты ауыр ауруларды тудыратын вирустардың үлкен тобы. Ал жаңа коронавирус – бұрын адамдарда анықталмаған жаңа штамп.
Аурудың клиникалық белгілері мен симптомдары: кейбір жағдайларда тыныс алу қиындайды, кеуде қуысының рентгенограммасында екі өкпеде де инвазивті өкпе инфильтраттары анықталады. Ауыр жағдайларда инфекция пневмония, ауыр жіті респираторлық синдром, бүйрек жеткіліксіздігін тудыруы және өлімге әкелуі мүмкін.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан