Қазақстан жастары неліктен шетелге асуға құмар?

Azattyq Rýhy

Шетелге көшу – елдегі саяси, қоғамдық және экономикалық жүйеге қанағаттанбаудың салдары ғана емес, сонымен қатар тұрмыстық жағдайды түзеу амалы

Қазақстан жастары неліктен шетелге асуға құмар?
Pixabay

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2020 жылдың 1 тоқсанында елімізден 8436 адам кетсе, 2021 жылдың алғашқы бес айында 9862 адам елден көшіп кеткен. Яғни, биыл былтырға қарағанда кеткендердің саны 1426 адамға артқан. Сонымен қатар, 2015-2019 жылдар аралығында (әр жылы 10 айда) 200 мыңнан астам қазақстандық елден көшіп кеткен.

Ал6 Халықаралық көші-қон ұйымына сәйкес, елден біржола кететін әрбір үшінші адам – ​​ қазақ. Сонымен қатар, төрттен бірі  – жастар (15-28 жас аралығында). Елден кететіндердің басым көпшілігі (77%)  – жоғары білімі бар адамдар. Азаматтардың көбі Ресей, Германия, Беларусь, Канада, АҚШ, Оңтүстік Корея сияқты елдерді таңдайды екен.

2015-2020 жылдар аралығында, мысалы, азаматтардың едәуір бөлігі Ресейге қоныс аударды (жалпы шетел асқандардың 87%-ы). ТМД елдеріне көшкендердің үлесі – 89%. Ресейге ықылас білдірушілердің көп болуы түсінікті: еркін қозғалу және жұмысқа орналасу мүмкіндігі. Сонымен қатар, тілдік барьер жоқ. Эмигранттардың басым бөлігі – тарихи отанына оралғысы келетін репатрианттар, себебі Ресейдің «отандастарды» елге шақыру бойынша мемлекеттік саясаты бар. Мысалы, 2020 жылдың өзінде 40 мыңнан астам қазақстандық Ресей азаматтығын алды.


2015-2020 жж. аралығындағы ҚР жастарының миграция динамикасы

Бұл – қолда бар ресми дерек. Бұдан бөлек, ресми статистикадан тыс туристік немесе іскерлік визамен жұмыс істеу мақсатында шетел асып кеткендер де бар. Олардың санын қоса есептесек, қоныс аударғандар саны бірнеше есе артуы мүмкін. 
2019 жылы Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның «Орталық Азия елдері жастарының сыртқы миграциясы: тәуекелді зерделеу және кері салдарын азайту» атты зерттеудің қорытындысы жариялаған. Аталмыш зерттеу шетелде тұратын және сонда білім алып жүрген қазақстандық жастар арасында жүргізілген онлайн-сауалнамаға негізделген. Нәтижеге сәйкес, қазақстандық азаматтардың шетел асып кетуінің негізгі 7 себебі бар екен:

  • Барлық деңгейдегі жемқорлық пен бюрократия, шенділердің салғырттығы және жазасыз қалуы, мемлекеттік басқару жүйесіндегі өрескел қателер – 51,3%;
  • Мамандығы бойынша жұмыс таба алмау және өсіп, дамуға мүмкіндітің жоқтығы – 31,3%;
  • Ел дамуының тежелеуі, қоғамның бұрынғы мәдениет үлгілеріне еліктеп, ескі дәстүрлерге ұрынуы – 27,5%;
  • Өзінің, балаларының келешегін ойлау – 26,3%;
  • Жұмыссыздықтың белең алуы, жалақының төмен болуы, әлеуметтік кепілдіктің жоқтығы – 23,8%;
  • Медицина мен білім сапасының нашар дамуы –23,8%;
  • Адам құқықтарының жиі бұзылуы – 21,3%.


2015-2020 жж. аралығындағы ҚР-ның сыртқы миграциясы (елдер бойынша)

Аздаған статистика келтіріп көрейік: сол арқылы себеп-салдарлық байланысты да көруге болатын секілді. Мысалы, 2021 жылдың 2 тоқсанында бір жұмысшының орташа айлық жалақысы 251 508 теңге болса, 1 тоқсанда бұл көрсеткіш 230 829 теңгені құраған. Мұндай деректі Ұлттық статистика бюросы жариялаған болатын. Өңірлер бойынша ең жоғары орташа айлық жалақы Атырау облысында – 398 469 теңге. Екінші орында Маңғыстау облысы (363 447 теңге), ал үшінші орында Нұр-Сұлтан (344 496 теңге). Ең жоғары номиналды жалақы қаржылық және сақтандыру қызметінде (472,5 мың теңге), ең төмені –  ауыл, орман және балық шаруашылығы салаларында – 145,6 мың теңге. Алайда бұл деректер қазақстандықтар арасында күмән тудырады. Олардың пайымдауынша, елдегі орташа айлық 100 мың теңгеге де жетпейді. Тіпті желіде бұл мем, әзілге айналған тақырып. Тәуелсіз зерттеушілердің айтуынша, елдегі жемқорлық, адам құқықтарының жиі бұзылуы, жұмыссыздықты есептемегенде, эмиграцияның басты себебі – күнкөрістің, яғни табыс деңгейнінің төмендігінен болып отыр. Қазақстанда ең төменгі жалақы деңгейі – 60 мың теңге, ал ең төменгі зейнетақы мөлшері 46 302 теңге екенін ескерсек, мұның күнкөріске жетпейтінін аңғаруға болады. Осы деректерді ескере келе, Қазақстан күнкөріс деңгейі төмен елдердің қатарына кіреді деп болжамдауға болады.

Жастардың елдегі әлеуметтік-саяси жағдайға қаншалықты қанағаттанатыны олардың миграциялық көңіл-күйіне әсер ететіні сөзсіз. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Қазақстан жастарының басым көпшілігі Қазақстанда оқығысы және жұмыс істегісі келеді. Дегенмен шетелде тұрғысы және оқығысы келетіндердің үлесі аз емес дейді зерттеу жүргізген Фридрих Эберт қорының сарапшылары.

Зерттеуге қатысқан респонденттердің 3,8%-ы ғана шетелде оқитыны және сонда тұратыны анықталған, ал 8,8%-ының Қазақстаннан тыс жерде алты айдан аса уақыт өмір сүру тәжірибесі бар екен. Алайда, жастардың 64,8%-ы шетелде тұрып та, оқып та көрмеген, болашақта шетелге кету жоспары жоқ, ал 26,7%-ы болашақта шетелге көшуді ойластырып жүр. Жастардың пікірі жас категориясына қарай ерекшеленді. Шетелде оқығысы және тұрғысы келетіндердің 33,2%-ы 14-19 жас аралығындағылар болса, әрбір төртінші респондент – 25-29 жас аралығындағы азаматтар. Бұл көрсеткіш – 25–29 жастағы қазақстандықтардың тұрмыс жағдайын жақсартып үлгергенінің белгісі деген тұжырымға келген зерттеушілер. «Бұл жастағылар білім алып, отбасын құрып, жұмыс тауып алған болуы мүмкін. Осы орайда жастардың эмиграцияға ұмтылысының есейген сайын төмендейтінін байқаймыз. Жастардың 61,6%-ы өзге елге көшкісі келмейді. Елден қаншалықты көшкісі келетіні туралы сұраққа жастардың 11,5%-ы тез арада көшкісі келетінін айтса, 17,1%-ы оның уақыт еншісінде екенін жеткізген», - делінген зерттеуде.


«Шетелге көшуіңіздің басты себебі қандай?» сұрағына жауаптар, %

Жоғарыда келтірілген диаграмма жастардың эмиграцияға құлшынысының себебі әртүрлі екенін байқатады. Басты себеп – тұрмыс жағдайын жақсарту (25%), ал білім сапасы жайлы 19% сөз еткен. Өзге мәдениетпен танысу мақсатында 14% дайын, еңбекақының мөлшерін себеп ретінде көретіндер 8%, ал әлеуметтік және саяси тұрақтылық 7% респондент үшін маңызды.

Сонымен қатар, жастардың басым бөлігі Батыс елдеріне материалдық жағдайын түзеу үшін барғысы келеді. Қазақстанда Батыс елдерінде білім алу кең етек алған, сондықтан жастардың көпшілігі батыс елдеріне ұмтылады. Бұлай деуге де себеп бар: елдегі «Болашақ» бағдарламасы мен басқа да бағдарламалар ұсынатын мүмкіндіктер жастар арасында Батыс елдеріндегі білім жүйесін насихаттаушы басты тетікке айналып үлгерді. Қордың деректеріне сүйенсек, Қазақстан жастары «Шетелде оқуға (оқуыңызды жалғастыруға) мүмкіндігіңіз болса, қай елді таңдар едіңіз?» деген сұраққа Батыс елдеріне басымдық беретінін жеткізген. АҚШ-та білім алғысы келетіндер 29%-ды, ал Еуропалық Одақтың білім жүйесін озық санайтындар 23,4%-ды құраған. Үшінші орынға Ресей Федерациясы жайғасқан (23,3%).

Мұса Қуандық

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.