$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.03.2022, 14:32
Қоғам

Елдегі NEET санатындағы жастардың көп болуының қаупі қандай?

Жастардың үздіксіз түрде тұрақты жұмыс іздеуі оларды кедейлікке және әл-ауқатының едәуір төмендеуіне әкелуі мүмкін

Елдегі NEET санатындағы жастардың көп болуының қаупі қандай?
Tengrinews

Ғылыми дискурста NEET деген ұғым бар. Ағылшын тіліндегі "Not in Empoloyment. Education or Training" ұғымының бас әріптерінен құралған. Қазақ тіліне аударатын болсақ "не жұмыс істемейтін, не оқымайтын, не өзге де істермен айналыспайтын адам" дегенді білдіреді.

NEET – 20 ғасырдың соңына қарай пайда болған құбылыс және оны алғаш рет мәселе ретінде көрсеткен Ұлыбритания елі. Қазіргі таңда жастардың әлеуметтік әлсіз топтарына арналған мемлекеттік сараптаумен Бүкілелемдік банк айналыса бастауы – мұның әлемдік деңгейдегі күрделеніп кеткен мәселе екенін көрсетіп отыр. Қоғамда NEET сегментіндегі жастар әдетте елдің қоғамдық-саяси институттарына және үкіметке сенімі өте төмен келеді.

Ресми мәліметтерге сүйенер болсақ, елдегі NEET жастардың үлесі 6,7%. Өңірлермен бөліп қарайтын болсақ, бұл көрсеткіш Ақмолада 8,9%, Қызылордада 8,1%, Маңғыстау, Ақтөбе және Түркістанда 7,5% болса, Жамбыл өңірінде 7,4%. Ең азы БҚО-да 3,8%, СҚО 4,8%, Қостанай және Павлодар облыстарында 4,9%, Атырау облысында 5,5% тіркелген. Ірі қалаларға келетін болсақ, Алматыда бұл көрсеткіш 5,7%-ды, Нұр-Сұлтанда 6,9%-ды, Шымкентте 7,3%-ды құраған.


Әлем елдеріндегі NEET жастарының үлесі, % (дереккөз – Халықаралық еңбек ұйымы)

Экономикалық әріптестік және даму ұйымына кіретін елдер арасында (ОЭСР) NEET жастардың маргинализациясы және «елден ажырау» көрсеткіші ретінде қолданылады. NEET жастарының үлесінің өсуі ұзақ мерзімді әлеуметтік проблемалардың көзіне айналуы мүмкін.

Халықаралық Еңбек ұйымының сандарына сәйкес, NEET категориясына кіретін жастардың үлесі ең төмен болып саналатын елдер қатарында Жапония (3,0%), Нидерланды (3,1%), Сингапур (4,5%), Германия (5,4%), Швейцария (6,0%) бар. Ең жоғарғы көрсеткіш  Йеменде (44,8%), Иракта (44,6%) и Ауғанстанда (41,8%) тіркелген; Посткеңестік елдер ішінде NEET категориясына кіретін жастар үлесі Арменияда (36,5%) және Молдовада (27,9%) үлкен.

Қазақстанда NEET категориясына кіретін жастардың диапазоны 15-28 жас аралығын қамтиды. 2019 жылы олардың үлесі 7,4% немесе 250 мыңнан астам адамды құраған.

Мемлекет жас азаматтарды білім беру жобаларына тарту және жұмыспен қамтуға бағытталған бірқатар шараны жүзеге асыруда. 2018 жылдың қыркүйегінде 18-29 жас аралығындағы NEET жастарын жұмыспен қамту және әлеуметтендіру бойынша Жол картасы қабылданды. Аталған жұмыс алты бағыт бойынша жүзеге асырылған. Олар: кәсіптік бағдарлау, кәсіби оқыту, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, жастар кәсіпкерлігін дамыту, жастарды әлеуметтендіру, ұйымдастыру-әдістемелік іс-шаралар.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ынталандыру да бар. Атап айтқанда: мамандарға берілетін бір жолғы жәрдемақы мөлшерін 70-тен 100 АЕК-ке дейін ұлғайту, тұрғын үй сатып алуға 3,7 млн теңгеге дейін арзан несиелер беру сияқты шаралар бар.

2014 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Серпін» жобасы аясында жұмыс күші мол оңтүстік өңірлерден келген жастар солтүстік өңірлерде оқуға алынып, жұмысқа қала алады.

2017 жылдың қыркүйегінен бастап «Баршаға арналған тегін техникалық және кәсіптік білім беру» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ол бойынша барлық ниеттілер жұмысшы мамандығын тегін ала алады.

Кәсіпкерлікке ынталандыруға арналған "Бастау бизнес" бағдарламасы бар. Сонымен қатар, елімізде 200-ге жуық Халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметі.

Жастар ресурстық орталықтарының қызметі тағы бар. 2019 жылдың өзінде елімізде 200-ден астам орталық тіркелген. Онда жастар жұмысқа орналасу, білім беру, кәсіби дайындық, бос уақыт, туризм және спорт туралы ақпарат алады.

Жоғарыда айтылғандарды ескерер болсақ, NEET санатындағы жастарды жұмысқа алу үшін жұмыс берушілерді ынталандыру керек. Атап айтқанда, ұзақ уақыт жұмыссыз жүрген, біліктілігі төмен жастарды жұмысқа алатын компанияларды субсидиялауға болады. Сонымен қатар, өзге елдерден де алатынымыз көп.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей,  NEET санатына кіретін жастардың саны аз елдер екі негізгі бағытқа басымдық береді. Біріншіден, мектепке дейінгі білім беру саласына инвестиция құяды. Екіншіден, жастар арасындағы әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге бағытталған және ғылыми әдіске негізделген бағдарламалар жасайды.

Сол үшін Қазақстан да бұл категорияға енетін жастар санын азайту мақсатында осы әдіске жүгіну маңызды. Себебі, бірінші бағыт превентивті тетік, яғни алдын алу, профилактика үшін жасалынатын шара. Оның әсері тез арада білінбесе де, ұзақ мерзімді перспективада эффектін байқауға болады. Мектепке дейінгі білім беру саласына инвестиция құюдың оң әсері бірқатар ғылыми зерттеулермен дәлелденген.

Екінші бағыт – қолда бар проблемаларды шешу және  NEET үлесін төмен деңгейде ұстап қалу шаралары. Бұл орайда Жапония, Люксембург, Норвегия сияқты елдердің тиімді тәжірибесін айтса болады. Бұл елдерде жастардың бұл санатта неге тап болғандығы ғылыми әдістерді пайдалану арқылы анықталған. Соның нәтижесінде жекелей бағдарламалар жасалынып, шаралар қолданылған.

Жапонияның тәжірибесіне сәйкес, «жұмсақ қабілеттерге» (soft skills), әлеуметтену барысына, өзін өзі дамыту бағдарламаларына ден қойылған.

Нидерландының сәтті кейсі мектепке дейінгі және орта білімге құйылған инвестициясының нәтижесі. Статистика бойынша елдегі үш бүлдіршіннің екеуі мектепке дейінгі мекемелерге барады. Сонымен қатар, мемлекет жұмысбасты аналарға түрлі мүмкіндіктер береді: мысалы, жұмыс істеу сағаттарын қарастыру, жарты күн жұмыс істеп, қалған уақытын баласына бөлгісі келетін аналарға ортақ жүйе қарастырылған.

Норвегия NEET категориясын азайту мақсатында жастармен ғана емес, сонымен қатар жұмыс берушілермен де тікелей жұмыс жасайды.  Бұндай кешенді шаралар Норвегия билігіне еңбек нарығын реттеуге және жастарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Қазақстан халықаралық тәжірибені ескеріп, сәтті кейстерді өзінде қолданса нәтиже болары сөзсіз.

Мұса Қуандық

Серіктес жаңалықтары