$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.01.2020, 14:46
Қоғам

Алматыда биыл 93 «ақылды» бағдаршам іске қосылады

Қала әкімдігі жаңа бағдаршамдар кептелісті, апатты жағдайларды азайтады деп есептейді

Алматыда биыл 93 «ақылды» бағдаршам іске қосылады

Қала әкімдігі «Алматы қаласының ерекше мәртебесі» заңы аясында жол қозғалысын басқарудың автоматты жүйесін енгізу мен пайдаланудың жаңа ережелерін әзірлеуде. Аталған ережеге сәйкес қаланың бағдаршам жүйесін модернизациялау мүмкіндігі туды. Осы ретте биыл ақылды 93 бағдаршам іске қосылады. Бұл бастама мамандардың пікірін және халықаралық тәжірибені ескере отырып қолға алынып отыр. Жүргізілген зерттеулер бойынша, қаладағы бағдаршамдарды жол жағдайына қарай бейімдеу қажет екенін көрсеткен.

«Осы жылы зияткерлік көлік жүйесінің алғашқы кезеңінде 93 ақылды бағдаршам орнатуды жоспарлап отырмыз, қалғандары 2022 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады», - деді Алматы қаласы қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Қанат Байғоңыров.

«Ақылды» бағдаршамдар жолдардағы қозғалысты өзі реттейді, қондырғы жүргізушілер үшін қолайлы уақытты (20 немесе 30 секунд) болжай алады. Одан бөлек, басқарма басшысының орынбасары Қ. Байғоңыровтың айтуынша, бағдаршам жолақтардағы, бағыттардағы көлік санын автоматты түрде санайтынын және көлік жылдамдығын анықтайды. Сондай-ақ қозғалыстың үлкен ағынын азайтуды басшылыққа алады әрі қоғамдық көлік қозғалысына ықпал етеді.

Мұндай зияткерлік жүйені енгізу қаладағы жол қозғалысына қатысты проблемаларды шешуге, жолдардағы кептелістерді азайтуға, көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттыруға әрі апатты жағдайларды азайтуға көмектеседі деп күтіледі.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары