Қастер мен Мұрагер Қытайға қайтарылмайды – сот
Екі жігіттің жақтастары сотта шу шығарды
Сот Зайсан ауданы арқылы (ШҚО -авт.) «шекараны заңсыз кесіп өтті» деп айыпталған Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына қатысты үкім шығарды. Үкім оқылар алдында «Бостандық» деп айқайлаған Қастер мен Мұрагердің жақтастары сот залына басып кірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған белсенділер сот отырысы үшін кеңірек зал беруді талап етті. Сот процесіне кірмек болған адамдарды полиция тоқтатпақшы болғанмен, олар ескертуге құлақ аспады. Тіпті, айғайға басқан азаматтар тәртіп сақтауды талап еткен полиция қызметкерлерін итеріп, сыртқа шығарып тастады. Түске дейін болған сот отырысында прокурор Ержан Әзімбаев Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын бір жылға бас бостандығынан айырып, Қытайға депортацияламауды сұраған. Адвокат Ләззат Ахатованың айтуынша, прокурордың жеңіл жаза сұрауына екі жігіттің тергеумен ашық жұмыс істегендері, әрі кәмелеттік жасқа толмаған жас балаларының болуы себеп болған.
Судья Шынар Оспанова Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын бір жылға бас бостандықтарынан айырып, жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтеуді бұйырды. Бұдан бөлек, екі сотталушының әрқайсысы мемлекетке 25 250 теңге көлемінде айыппұл төлеу керек. Судьяның айтуынша, қамаудағы бір күні екі күнге есептеліп, жазаны өтеу мерзімі 18 қазаннан басталған. Үш айдан бері абақтыда отырған екі жігіт қалған 5 ай, 24 күнін қамауда өтейді.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы