$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.01.2020, 11:28
Қоғам

СҚО-да ҰБТ талаптарын бұзған 12 оқушы емтиханнан шеттетілді

Олар емтиханға смартфон алып кірген 

СҚО-да ҰБТ талаптарын бұзған 12 оқушы емтиханнан шеттетілді

Солтүстік Қазақстан облысында ұлттық біріңғай тестілеуге смартфон алып кірген 12 оқушы ұсталды. Емтихан талаптарын бұзушылар сынақтан шеттетілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысының мектептерін 3276 оқушы тәмамдайды. Олардың 2080-і яғни, 60 пайызы ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген.

Өңірде тестілеу тапсыратын 5 пункт жұмыс істеді: Петропавл қаласындағы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Талшық, Пресновка, Новоишимское және Саумалкөл ауылдарындағы мектептерде.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше сынақ тапсырылған аудиториялардың барлығында бақылау камералары орнатылып, ұялы байланыс бұғатталған. Соған қарамастан, емтиханға смартфон алып кіргендер табылды.

«Тестілеуге кіргенде біраз қобалжыдым. Смартфон емес, біліміме сенемін. Шпаргалка да ұстаған жоқпын. Біз отырған аудиторияда бір бала ұялы телефонмен ұсталды. Комиссия мүшелері дәретханада шпаргалка ақтарған оқушының әрекеті де әшкере болғанын айтып, ескерту жасады», - дейді 11 сынып оқушысы.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес «Қызылжар адалдық алаңы» кеңселік жобасының қызметкерлері тестілеуге бақылаушы ретінде қатысты.

«ҰБТ тапсыру талаптарын бұзған 12 адам шығарылды. Сырқаттанып қалуына байланысты 3 бала тестілеуге мүлде келген жоқ. Сынақтан шеттетілгендердің басым көпшілігі ұялы телефон алып кіргендер. Мұндай фактілерді дәлелдеу немесе жоққа шығару үшін камералардың көмегі тиді. Біздің басты мақсатымыз – емтиханның әділ өтуі. Шпаргалка қолдану, бір-бірінен дұрыс жауаптарды көшіру сынды әрекеттердің болмауын қамтамасыз ету», - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#СҚО #ҰБТ