Алматыдағы Алатау ауданының бұрынғы әкімі мен оның орынбасары 2 айға қамауға алынды
Олар «Өңірлерді дамыту-2020» мемлекеттік бағдарламасына бөлінген қаржыны жымқырған болуы мүмкін

Алматы қаласы ауданаралық мамандандырылған тергеу сотының қаулысымен Алатау ауданының бұрынғы әкімі Шахмерден Рыспаев және оның орынбасары Саят Ағыбаев екі айға қамауға алынды. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісі Алматы қалалық сотына сілтеме жасап хабарлайды.
Ауданды басқарған шенеуніктердің ұсталғаны туралы сенбі, 18 қаңтарда ақпарат тараған болатын. Жексенбі күні Алматы қаласы бойынша жемқорлыққа қарсы іс қимыл депараменті күдіктілерді құрықтау сәтінен бейнетүсірілімді жария етті.
Алматы қаласы Алатау ауданын екі жыл басқарған Шахмерден Рыспаев пен оның орынбасары, осы ауданның мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы жемқорлыққа барды деген күдікке ілінген. «Олар Өңірлерді дамыту-2020» мемлекеттік бағдарламасына бөлінген қаржыны жымқырған», - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет таратқан хабарламада. Ал, аудан әкімінің орынбасары С.Ағыбаев 500 мың теңге параны жеке банктік картасына аудартқан деген күдік бар.
Ауданның мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі өзіне тағылған айыпты мойындап, тергеуге тиісті түсінік бергені үшін қамауға алынбаған.
Айта кетейік, 17 қаңтарда Алатау ауданына жаңа әкім тағайындалған болатын. Қалалық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Азамат Қалдыбеков ауданды басқаруға келді.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы