СҚО-да алаяқ есепшінің әрекетін әшкерелеген бас дәрігердің өзі жұмыстан қуылды
Аурухана ұжымы бас дәрігерді қызметіне қайтару мақсатында СҚО әкіміне ұжымдық өтініш жазған
Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар аудандық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері сотқа шағымданбақ. Ұйым басшысы емдеу мекемесінің есепшісі қомақты қаржыны жымқырғаны үшін жұмыстан шығарылған болатын. Александр Құдайбергенов облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының өзіне қатысты қабылдаған шешімімен келіспейді. Өйткені дәрігер аурухана бюджетінен ақша ұрланғанын өзі анықтап, аудандық прокураға арызданған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Аудандық аурухананың есепшісі бірнеше жыл бойы емдеу мекемесінің қазынасынан ақша ұрлап келген. Өзінің жымысқы әрекетін жіті жасыра білген. Бюджеттен қаражат жымқырылғаны есепші жұмыстан кеткеннен кейін ғана белгілі болған.
«2018-2019 жылдар аралығында Қызылжар аудандық ауруханасында талай заң бұзушылық тіркелді. Ұйым жарғысына сай, мекеменің бас дәрігері қаржылық-шаруашылық есеп пен мүліктің талан-таражға түспеуіне жауап беруге тиіс. Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің облыстық департаменті материалдарына сәйкес 2014-2018 жылдар аралығынада Құдайбергеновке салынған айыппұлдар ешқандай негізсіз аурухана есебінен төленген. 2018 жылы дәрігер тегін берілетін медикаменттерді есептен шығарғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке де тартылған болатын», - дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Мейрамбек Ахметов.
Бас дәрігерге тағылып отырған ең негізгі айып – бухгалтердің аурухананың қаржысын жымқыруы. Емдеу мекемесінің жетекшісі қаржылық операцияларды жүзеге асыруға арналған электронды сандық қолтаңбасын есепшіге тапсырған. Басшысының сеніміне кіріп алған қызметкер алаяқтық жолмен ақша жеген. Әккі алаяқ үш жылға жуық уақытта 20 миллион теңгені қалтасына басқан.
«Қызылжар аудандық прокуратурасы анықтағанындай, ұзақ уақыт бойы көлденең карточкаларға ақша аударылып келген. Оның барлығына бас дәрігердің электрондық санды қолтаңбасы қойылған. Құдайбергенов оған бақылау жасамаған. Ұйымның жарғысына сәйкес бас дәрігер штаттық кесте, қызметтік жалақының көлемі, сыйақы беру жүйесі, еңбекақы төлеу формасын бекітеді. Бір сөзбен айтқанда барлық ақшаның жұмсалуын қадағалайды. Алайда оның тиісті деңгейде бақылау жасамағаны бюджет ақшасының ұрлануына әкеп соқтырды», - дейді Мейрамбек Ахметов.
Жұмыстан шеттетілген Александр Құдайбергеновпен сырқаттанып қалуына байланысты кездесу мүмкін болмады. Оның заңгері аурухананың бұрынғы бас дәрігері бұл әрекеттердің барлығын емдеу мекемесі мен қызметкерлер үшін жасағандығын айтады.
«Бірнеше жыл бойы қаржы ұрланғанын Құдайбергенов аурухананың бас дәрігерінің көмегімен білген. Бұл факті жайында аудандық прокуратураға хабарлаған. Енді қылмысты өзі анықтап, құқық қорғау органына арызданғаны үшін Құдайбергенов өзі жұмыстан қуылып отыр. Денсаулық сақтау басқармасы бұл фактіні не себепті бұрмалап отырғанын түсінбеймін. Бұл мәселе жөнінде бірнеше рет прокуратураға хат жаздым. Алайда әлі күнге толымды жауап алған жоқпын. Оны растайтын құжаттардың барлығы қолымда бар», - дейді дәрігердің заңгері Олег Хрупин.
Есепші алаяқтық жасағаны үшін сотталған. Ал бас дәрігерге өз еркімен қызметінен кету ұсынылған. Ол арыз жазбаған соң, бұйрық арқылы жұмыстан босатылған.
«Бас бухгалтер зейнетке шыққан. Алаяқ есепші де бала күтіміне байланысты демалысқа кеткен маманның орнында уақытша жұмыс істеген. Бас есепшінің қызметіне жаңа тағайындалған адам жылдық есеп жасау барысында қаржылық сәйкессіздік барын байқаған. Қазбалай келе, аурухананың қомақты қаржысы ұрланғаны белгілі болды. Алаяқ өзінің заңсыз әрекетін шеберлікпен жасырғаны соншалық, оны кез келген маман анықтай алмауы мүмкін. Бұл схеманы табу үшін есепші көз майын тауысып, қаншама жұмыс атқарды. Алаяқтың не істейтінін қадағалау мүмкін емес. Адамды сол алаяқтықты анықтап, қадағалаушы органға арызданғаны үшін жазалауға болмайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сұлтанғазиев Құдайбергеновтің нашар менеджер екенін айтқан, аурухананың бас дәрігері бірінші кезекте жақсы дәрігер, басшы емес, коммерсант болу керек пе? Оның көзқарасын түсіне алмадым», - дейді Олег Хрупин.
Фото: СҚО Қызылжар аудандық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері
Аурухана ұжымы бас дәрігерді қызметіне қайтару мақсатында СҚО әкімі Құмар Ақсақалов пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісіне ұжымдық өтініш жазған. Құжатқа 150-ден астам қызметкер қол қойған.
«5 жыл жұмыс істеген уақытта Александр Құдайбергенов аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жасалды. Автопарк жаңаланды. Ұжым жаңа мамандармен толықты. Белсенді түрде медициналық қондырғылар алынуда. Біз алдына мақсат қойып, оған жете білетін, білімді әрі салмақты басшының қоластында жұмыс істегіміз келеді. Оның жұмыстан шығарылуы негізсіз, қызметіне қайтарылуын сұраймыз», - делінген өтініште.
Әзірге ұжымның арызы қанағаттандырылған жоқ. Александр Құдайбергенов өз құқығын қорғау мақсатында сотқа шағымданбақ.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО