ШұғылЕлімізде тағы 813 адамнан коронавирус анықталды

Шымкент әкімдігі түрік компаниясына 5 миллиард теңгеге жуық қаржыны қайтарады

Бұл ақшаға қала басшылары жедел жәрдем көліктерін сатып алған

Zakon.kz

Өткен жылдың желтоқсан айында түркиялық компания Шымкент қаласына 100 жедел жәрдем көлігін әкелген болатын. Тегін емес, әрине. Мұны инвестиция деп айтуға да келмейді. Себебі, түрік ағайындар ол машиналарды мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қалаға беріп отыр. Яғни, бұл – қала әкімдігі Анадолыдан келген ағайындарға автокөліктердің ақшасын қазынадан бөліп-бөліп болсын қайтарады дегенді білдіреді.

Ендеше түркиялық компанияға қанша теңге қайтаруымыз керек деген заңды сауал туындайды. Медициналық құралдармен жабдықталған әрбір көліктің құны 46 миллион теңге тұрады екен. Енді есептей беріңіз, 100 көліктің құны 4 млрд 600 млн-ды құрайды. Ал, ол қаржыны қанша жылда бөліп беру қажет екенін әзірге жергілікті билік ашып айтпады.

Жалпы, Шымкент үшін су жаңа 100 жедел жәрдем көлігін алудың қандай қажеттілігі болды? Қалада расымен де ол көліктерге мұқтаждық бар ма? Біз бұл сұрақты Шымкент қаласындағы Жедел медициналық көмек көрсету станцисының бас дәрігері Гүлнар Құрманбековаға қойып көрген болатынбыз.

«Талап бойынша әр 10 мың халыққа 1 жедел жәрдем қызмет етуі тиіс. Бұған дейін бізде 81 бригада жұмыс істеді. Оның жартысы фельдшерлік, жартысы дәрігерлік бригада. Қала бойынша қазір 9 бекет бар. Соның ішінде халық тығыз шоғырланған жерлерде сол бекеттердің филиалдары ашылған. Яғни, шахардың 16 жерінен жедел жәрдем көлігі науқастарға қатынайды. Ондағы дәрігерлер тіпті, түскі асқа да үзіліс алмайды. Түскі асын жол үстінде жей береді. Олармен радио толқындар арқылы байланысқа шығып отырамыз. Бір сөзбен айтқанда, жедел жәрдем көлігі мүлдем жетіспейтін. Миллионды қаланың әр 10 мың халқына 1 автокөлік пен 1 бригада жүретіні дұрыс болады. Енді қоңырауларға біздің кешігуіміз азаяды», - деді ол.

Оның үстіне бұған дейін қолданыста болған автокөліктердің елге қызмет етіп жүргеніне 10 жылға жуықтаған. Техникалық тұрғыда тозығы жеткен жедел жәрдем машиналарының жүргенінен тұруы көбейе бастаған. Жөндеу жұмыстарына да қыруар қаржы жұмсалып келіпті. Бұл өз кезегінде науқастарға жедел медициналық көмек көрсетуге үлкен кедергі болып отыр.

Халқы жылдан жылға өсіп келе жатқан мегаполисте адамдардың жедел жәрдемге жүгінуі артпаса, кемімейтіні тағы бар. Мәселен, 2019 жылы Шымкент қаласындағы жедел медициналық көмек көрсету станцисяна 600 мыңдай қоңырау келіп түскен. Ақ халаттылар күн суытқалы тәулігіне 2 мыңнан аса қоңырау келіп түсіп жатқанын айтады. Бір күнде бір дәрігерлік бригада 18-20 шақыртуға дейін барады екен.

«Біздің шақыртулар 4 санатқа бөлінген. Оның 1-2-3 санатын жедел жәрдем көмегі станциясы жүргізеді. Ол халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп туған жағдайлар. 1-санаттағы науқасқа жету уақытымыз – 10 минут, 2-санатқа – 15 минут, 3-санатқа – 30 минут. Ал 4-шақыртуға қаладағы 15 емханадан 15 жедел жәрдем көрсету бөлімдері ашылған. Солар қызмет көрсетеді. Олар қандай шақыртулар? Мысалы, өзінің созылмалы науқасы бар аурулар бар. Ол бір күні асқынады. Астма, қан қысымы көтерілетін аурулар бізді шақырса, егер оның денсаулығына айтарлықтай қатер төнбесе біз емханаға жібереміз. Біз емханалардың барлығына автоматты түрде қосылғанбыз. Талап бойынша, емхананың жедел жәрдем бригадасы шақыртуға 60 минуттың ішінде жету керек», - дейді Гүлнар Құрманбекова.

Шымкентте жедел жәрдем көлктері жаңартылып ғана қоймай, қызмет көрсету жүйесі толық цифрландыруға өткен.

«Кейде тұрғындар маған шағымдарын айтады, сіздердің бригадаларыңыз келіп, телефонмен ойнап отырды дейді. Негізі олай емес. Дәрігерлер смартфонға науқастардың ауыру тарихын жазып отырады. Олар ойнамайды, соны жұрт түсінсе деймін. Дәрігерлер науқасқа барғанда оның ауыру тарихын сол смартфондағы арнайы бағдарламаға толтырады. Ол ақпарат онлайн режимде біздің орталыққа келіп түседі. Соның арқасында біз мұнда отырып, жедел жәрдем дәрігерінің науқасқа не ем қолданып жатқанын біліп отырамыз. Сондай-ақ, біздің электрокардиографтар онлайн режимде орталықпен байланыста тұр. Орталықтағы дәрігерлер сол арқылы науқастарға көмек көрсетіп отырады. Мәселен, науқас электрокардиограммаға түседі де, оның нәтижесі 1 секундта біздің орталыққа келіп түседі. Орталықта отырған дәрігерлер науқастың жүрегінде қандай ақауы бар, оған қандай емдом көрсету керек, ауруханаға апару қажет пе, қажет емес пе, соны фельшерге айтып кеңес беріп отырады», - дейді Гүлнар Мамытқызы.

Сонымен қатар, науқастарға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында былтыр шымкенттік дәрігелер мен фельшерлердің барлығы халықаралық стандартпен оқытылған. Яғни, қалай дұрыс ренимацияны жүргізу керек, балалар мен үлкен кісілер арасында өкпе, жүрек реанимациясын қалай дұрыс жасау керектігін жедел жәрдем қызметкерлері арнайы курстар арқылы үреніпті. Бұдан өзге, көлік апатына түскен жағдайда, қалай дұрыс жан сақтау жұмыстарын жүргізу қажеттігіне де машыққан. Осының арқасында, 2019 жылы дәрігерлер клиникалық өлімде жатқан алпыстан астам адамды аман алып қалған. Жүрек-қан тамырлары ауруынан ауруханаға дейін жеткізу өлімі де азайыпты. Сондай-ақ, 200-дей ананы перзентханаға жетпей (үйінде немесе жедел жәрдем көлігінде) босандырған.

Арай Есенбек, Шымкент