Тоқаев Анталия дипломатиялық форумына қатысатынын растады – Ақорда
Бүгін Қазақстанға Түркияның вице-президенті келді
Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Түркия Республикасының вице-президенті Джевдет Йылмазбен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бұл кездесу аясында 14 мамыр күні Қазақстанға Түркия президентінің сапарлайтыны белгілі болды.
Ал, Джевдет Йылмаз қазақ елінде көрсетілген сый-құрмет үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты. Сондай-ақ Президент Режеп Тайип Ердоғанның сәлемі мен ыстық ықыласын жеткізіп, Түркия көшбасшысы Қазақстанға мемлекеттік сапарына және Түркі мемлекеттері ұйымының Түркістандағы бейресми саммитіне ерекше мән беріп отырғанын мәлімдеді.
«Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру аясында жаңа ғана Премьер-министр Олжас Бектенов мырзамен бірге Үкіметаралық сауда-экономикалық комиссиясының 14-отырысын өткіздік. Оның қорытындысы бойынша түрлі саладағы нақты шараларды іске асыратын бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Бұл құжат алдағы кезеңге арналған сауда-экономикалық ықпалдастығымыздың жол картасына айналады», – деді Түркия вице-президенті.
Джевдет Йылмаз жаңа Конституцияны қабылдау бойынша жалпыұлттық референдумның табысты өтуімен құттықтап, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне тілектестік білдірді.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джевдет Йылмаз халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, Таяу Шығыстағы күрделі ахуал жөнінде пікір алмасты. Ақорда жазғандай, Қазақстан президенті Түркияның аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін жоғары бағалап, алдағы Анталия дипломатиялық форумына қатысатынын растады.