Театр, емхана, сауықтыру кешені: СҚО-да бюджет есебінен салынып жатқан нысандардың құрылысы тоқтап тұр

Алғашқы келісімге сай өткен 2020 жылдың қазан айында пайдалануға берілуі тиіс болатын

Театр, емхана, сауықтыру кешені: СҚО-да бюджет есебінен салынып жатқан нысандардың құрылысы тоқтап тұр

Солтүстік Қазақстанда мемлекет есебінен салынып жатқан бірнеше нысанның құрылысы тоқтап тұр. Өткен жылы ашылуы жоспарлаған мекемелердің ешқайсысы тапсырылған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

500 ОРЫНҒА АРНАЛҒАН ҚАЗАҚ ТЕАТРЫ

Петропапвл қаласында салынып жатқан қазақ теартының құрылысы осымен 3-ші рет тоқтап қалды. Ауданы 13 мың шаршы метрге жуық ғимаратты салуға бюджеттен 3 млрд 50 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген болтын. Құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталған. Жоспар бойынша араға екі жыл салып, халық игілігіне тапсырылуы тиіс еді. Петропавлда қазір жұмыс істеп тұрған қазақ театры 2000 жылы ашылған. Бұрын энергетиктер сарайы болған шағын ғана ғимарат. Жаңа нысанның іске қосылуын театр труппасы ғана емес, көрермендер де күтіп жүр.

ЕКІ СПОРТ КЕШЕНІНІҢ «САҚАЛДЫ ҚҰРЫЛЫСҚА» АЙНАЛҒАНЫНА 2 ЖЫЛ

Солтүстік Қазақстанда екі спорт кешенінің құрылысы былтырдан бері тоқтап тұр. Қос нысанды салуға бюджеттен 700 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Тендерді ұтып алған мердігерлер өз міндеттерін орындауға асығар емес. «Сақалды құрылысқа» айналған нысандар Айыртау және Есіл аудандарында орналасқан.

Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылындағы дене шынықыру-сауықтыру кешенінің алғашқы қазығы 2019 жылдың қыркүйегінде қағылған. Құрысшылар созбаққа салып жүріп бір жылда ғимараттың бірер қабырғасын ғана көтерген. Кейін жұмыс мүлде тоқтап қалыпты.

Бас мердігер «Севимсталькон» компаниясы. Серіктестік басшысы Сұлтанбек Газдиев байланысқа шықпайды. Аталмыш компания соттың шешімімен құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу құқығынан айырылған. Жоба құны 350 млн теңге. Ғимараттың ауданы 2 мың шаршы метр. Кешенде волейбол, футбол, теннис сынды тағы басқа спорт түрлерінен бірнеше жаттығу залы болуы тиіс еді. Құрылыстың тоқтап тұрғанына осымен 8 ай.

Есіл ауданында құрылысы басталған спорт кешенінің де жағдайы осындай. Нысанды салуға 300 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Тұрғындардың айтуынша, алаңда күзетшіден басқа ешкім көрінбейді. «Сақалды» құрылыс ауыл көркін бұзып тұр. Нысан алғашқы келісімге сай өткен 2020 жылдың қазан айында пайдалануға берілуі тиіс болған. Жауапты «Петростройлюкс» құрылыс компаниясы.

«БЕРЕКЕ» АУДАНЫНДАҒЫ ЕМХАНА ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАШАН АЯҚТАЛАРЫ БЕЛГІСІЗ

2020 жылы Петропавлдың «Береке» ықшам ауданында емхананың құрылысы басталған болатын. 2 қабатты ғимарат салу 2 млрд теңгеге бағаланды. Аумағы 7 мың шаршы метр. Бір мезетте 250 адамды қабылдауға шақталған. «Береке» ықшам ауданының тұрғындары емхананың ашылу күнін тағатсыздана күтіп жүр. Себебі ауданда басқа емдеу мекемесі жоқ. Көпшілік басы ауырып, балтыры сыздаса қаланың орталығына сабылады. Нысанды тапсыру мерзімі былтыр өтіп кетті. «Тоир» серіктестігінің басшылығы жұмысшылардың жалақысынан зейнетақы қоры мен медециналық сақтандыру қорына аударылатын жарнаны ұстап қалған. Көпшілік алашағына әлі күнге қол жеткізе алмай жүр.

СУДЕНТТЕР ЖАТАҚХАНАСЫ

Емхана құрылысын жүргізу жұмыстарын жеңіп алған «Тоир» серіктестігі Петропавлда 2020 жылы студенттерге арналған 250 орындық жатақхана құрылысын да бастаған еді. «Екі кеменің құйрығын ұстаған» мекеме суға кетуі әбден мүмкін. Мемлекеттік тапсырыстың ешқайсысын мерзімінде аяқтай алмады. 9 қабатты ғимаратың құрылысына қазынадан 8 млрд еңге бөлінді.

Өңірдің құрылыс саласын басқарған Серік Мұхамадиев қызметтік сатымен өрлеп, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі болып сайланды. Соңында аяқталмаған бірнеше құрылыс нысаны қалды.

Құрылыс басқармасы саладағы проблемалардың барлығын мердігерлердің жауапсыздығы және құрылыс материалдарының қымбаттығымен түсіндірмек болды. Алайда бұл нысандардың басым көпшілігі тауар бағасы көтерілгенге дейін тапсырылуы тиіс еді. Әкімдік сметалық құжаттарды қайтадан қарауға жіберді. Құрылысты аяқтау үшін жұмсын тиісті деңгейде атқара алмайтын басшылар мен жауапсыз мердігерлердің қалтасы емес, мемлекеттің қазынасы қағылады.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуға 885 миллион теңге, жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 2 миллиард 110 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржыға Аққайың, Айыртау, Есіл, Жамбыл, Шал ақын аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу жоспарланған. Сондай-ақ, Петропавл қаласы мен Мамлют, Тимирязев, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда да осындай нысандарды салуға дайындық жүрген еді. Саумалкөл ауылында 500 орындық стадион мен Жамбыл, Тайынша, Уәлиханов, Шал ақын аудандарында 4 жабық хоккей кортын салу жоспарланған. Алайда жауапсыз мердігерлердің кесірінен кей нысандардың құрылысы тоқтап қалды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.