$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматы цирк ұжымы жұмыстан шығып кеткен директорларын қайтаруды талап етіп отыр

Цирк әртістері БАҚ өкілдерімен кездесіп, базынасын айтты

Алматы цирк ұжымы жұмыстан шығып кеткен директорларын қайтаруды талап етіп отыр
Фотолардың авторы Марат Қалдыбаев

Бүгін Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік циркінің ұжымы өздерін алты жыл басқарған мекеме директоры Бақыт Әбдіғалиұлының қызметінен кетуіне қарсылық танытып, журналистерге арналған баспасөз жиынын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Басқа басшының керегі жоқ» деген мемлекеттік цирк ұжымы қалалық мәдениет басқармасы шеттен адам әкеле ме деген қорқынышы барын жасырмады. Барша ұжымның атынан сөйлеген акробат Әділет Тиканов жаңа басшының келуі енді ғана бірізденген халықаралық цирктермен байланысқа кедергі келтіреді деп отыр.

«Біздің директорымыз Бақыт Әбдіғалиұлын қызметінен алатынын өткен апта естідік. Бұл кісі цирк артисі болмаса да, ұжым үшін орасан жұмыс атқарды. Ол кісінің басшылыққа келуімен цирк халықаралық деңгейге көтерілді. Оған осында отырған баршамыз куәміз. Өзгерістер мекеменің тазалығынан бастап, халықаралық фестивальдерге жиі шығуымызға дейін жетті. Күні кеше ғана Анастасия және Ольга Демидовалар Монте-Карлода күміс жүлде иеленді. Цирк фестивальдері ол жәй ғана өнер көрсету емес, ол халықаралық қарым-қатынас, сыртқы саясат. Жалпы 150 адам жұмыс істейтін мекемеге, оның үстіне шығармашылық қабілетті талап ететін ұжымға басшы қойғанда қызметкерлердің талап-тілегі ескерілуін қалаймыз. Аяқ астынан, ешқандай себепсіз директордың жұмыстан кетуін өзіміз де түсіне алмай отырмыз», - деді ол.

Директордың орнын босататынын өткен сәрсенбі естіген ұжым бейсенбі қала әкімінің атына өтінішхат жолдаған.

«Қазіргі жағдайға байланысты біздің талап-тілегіміздің ескерусіз қалғанын қаламаймыз.  Басшылықтың ауысқаны әртістердің жұмысына кедергі келтіреді. Себебі, жаңа басшы келіп біздің ішкі «кухнямызды» меңгеремін, әртістердің жұмыс барысын түсінемін дегенше 1-2 жыл кетеді. Бейресми деректерден естуімізше, бізге цирктен хабары жоқ адамды әкелмекші. Ал, Болат Әбдіғалиұлы біздің жұмысты бес саусақтай біледі. Әрбір қойылымға өзі келіп қатысады, қай әртістің қай нөмірді орындайтынын, кімнің кімнен кейін шығатынына дейін жатқа біледі. Біздің ішкі жұмысымызды толық меңгергенге дейін Бақыт Әбдіғалиұлымен де біраз келіспеушіліктер болды. Бірақ соңында тіл табысып кеттік. Енді жаңа келген басшымен бәрін басынан бастағымыз келмейді. Бұл біз үшін психологиялық жағынан да, кәсіби жұмыс істеу тұрғысынан да біраз қиындықтар тудырғалы тұр», - деді цирк ұжымы.

Әртістер бейресми дереккөздерден директорлыққа цирктен «бейхабар» маман келеді дегенді естігенімен, ол адамның аты-жөнін атай алмайтынын жеткізді. Сондай-ақ, олар директордың жұмыстан өз еркімен кеткеніне күмән келтіріп отырғанын да жасырмады.

Аталған мәселе бойынша, Azattyq Rýhy редакциясы Алматы қаласы Мәдениет басқармасына хабарласып, Қазақ мемлекеттік циркінің басшысын қызметтен алу себебін сұрады. Басқарманың баспасөз қызметі бұл басшының өз шешімі деп жауап берді.

«Алматы қалалық циркінің директоры Бақыт Әбдіғалиұлы қызметінен өз еркімен кетті. Цирк директорының міндетін атқарушы болып Алматы циркі директорының қазіргі орынбасары Мақсат Жайықов тағайындалды. ҚР заңнамасына сәйкес Алматы қаласы цирк директорының бос лауазымына конкурс өткізіліп, оның қорытындысы бойынша жаңа басшы тағайындалатынын атап өтеміз. Циркті қайта құруға қатысты айта кетсек, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, қазіргі уақытта ЖСҚ әзірленуде. Құжаттарға қол қойылғаннан кейін сәулет ескерткішін қайта құру туралы қосымша мәліметтер белгілі болады», - деді ресми өкіл.

Директор Бақыт Әбдіғалиұлына хабарласып, ұжымның талап-тілегінен қаншалықты хабардар екенін сұрадық.

«Ұжымыма рақмет! Алты жыл жақсы жұмыс істедік, жетістіктеріміз де мол. Мен жұмысымды өткізіп, басқа бір қызметке барайын деп шештім», - деп қысқа қайырды ол.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Алматы #цирк