«Денесінің 30 пайызы күйіп, екі жасар қызым қатты қиналды»: Қызылордада балабақшаға қатысты тергеу неге баяу жүріп жатыр
Баланың ата-анасы тәрбиеші мен бала күтушінің үстінен қозғалған қылмыстық іс әлі аяқталмай отыр дейді

Қызылордада тәрбиешілердің олақтығынан оңбай күйіп қалған сәбидің ата-анасы тергеу ісінің өте баяу жүріп жатқанын айтып, әлеуметтік желіде шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
22 мамырда екі жасар қыз «Сыр болашағы» атты жекеменшік балабақшада суға күйіп қалған.
«Менің қызым, Шардарбек Еркежанның денесінің 30 пайызын ауыр күйік шалды. I, II және III A дәрежедегі жарақат алды. Сол сәтте қан қысымы мен сатурациясы қатты төмендеп, жансақтау бөліміне түсті. Дәрігерлер оған 2 дәрежелі күйік шогы диагноз қойды. Еркежанға бес рет наркоз берілді, қан құйылды, ұзақ емделді, соның ішінде «Альбубин» арқылы ақуыз терапиясы жүргізілді. Балам өмір үшін күресті. Жансақтау бөлімінен шыққан соң, «Қамқорлық» реабилитациялық орталығында емделді», - деп жазды ата-анасы сәбидің хал-жағдайы туралы мәлімдеп.
Балабақшадағы өрескел оқиғаға байланысты екі қылмыстық іс қозғалған. Содан бері үш ай өткен, бірақ іс баяу тергеліп, сотқа жетпеген.
«ҚР ҚК-нің 141-бабы (кәмелетке толмағанды тәрбиелеу міндеттерін орындамау) бойынша тәрбиеші, күтуші және құрылтайшыға қатысты; ҚР ҚК-нің 306-бабы (қауіпсіздік талаптарына сай емес қызмет көрсету) бойынша басшыға қатысты екі қылмыстық іс қозғалған. Болған істің ауырлығына қарамастан, тергеу өте баяу жүріп жатыр. Үш айдан астам уақыт өтті, бірақ іс әлі сотқа берілген жоқ, сараптамалар ұзап кетті. Полиция тарапынан ешқандай белсенді іс-әрекет көріп отырған жоқпыз», - деді олар.
Еркежанның ата-анасы барлық кінәлілерді тергеліп, әділ жазасын алсын деп талап етті.
Еске салайық, қаладағы жекеменшік балабақшада болған жантүршігерлік оқиғадан кейін, бала күтуші мен тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс ашылған. Бөбекжайды арнайы комиссия тексерген соң, мекемені мемлекеттік тапсырыс аясында қаржылдандыру тоқтатылған.
Редакция Қызылорда облысының полиция департаментіне осы іске қатысты сауал жолдады.