«Жас Алаштағы» ауыс-түйіс: экс-редактор мен жаңа редактордың шындығы
Газет партия жұмысына араласпайды

«Жас Алаш» газетінің бас редакторының ауысуына қатысты кейбір БАҚ беттерінде тараптардың өзара қырғиқабақ екендігі туралы жазылып жатыр. Қазақ баспасөзі үшін ерешке орны бар басылымның тағдырына алаңдаған оқырманға түсінікті болу үшін Azattyq Rýhy тілшісі қос тарапты да тыңдап көрді. Беделді республикалық басылымды басқарған тұлғаларды да еске алды.
«Жас Алаш» газетіне бұған дейін басшы болған Руслан Ерботаға хабарласқанымызда, Алатау бөктерінде жүргенін айтты. Ол тау-тасты жаяу аралайтын хоббиі үшін уақыт табылғанына қуанып жүргенін жасырмады.
«Қазір ұсыныстар жоқ, көреміз алдағы уақытта, демалу керек, ойлану керек. Кейбір басылымдар не болса, соны жаза береді. Бірақ коллективке кететінім туралы айтылды. Ешкімге ешқандай реніш жоқ. Маған былай айтты: газетке жаңа адамдар керек, жаңа идея керек, орныңды босат деді, содан кеттім. Одан кейінгі жағдайды білмеймін. Маған газеттің президенті Аманжол Рысбеков айтты. Маған осылайда осылай деді. Сосын арыз жазып бердім, одан кейін коллектив жиналды. Алғысымды айттым, ешкімге ренішім жоқ дедім. Содан шығып кеттім», - дейді «Жас Алаштың» экс-редакторларының біріне айналған Руслан Ербота.
Инга Иманбай Қазақстан демократиялық партиясын құру бастамашыларының үйлестірушісі ретінде баспасөз беттерінде сұқбаттар беріп жүр. Ол «Саяси қалам. Трибуна» газетінің редакторы болған, ҚДП құру бастамашыларының бірі Жанболат Мамайдың әйелі. Инга Иманбайдың айтуына қарағанда, ол осыдан он жыл бұрын да қазіргі «Жас Алаш» газетінде жұмыс істеген.
«Маған газеттің басшылары ұсыныс жасады. Мен үшін «Жас Алаш» алшақ дүние емес. Мен де бұрын жұмыс жолымды осы жерден бастадым, сондықтан ұсынысты қабылдадым. Басшылық тарапынан болған соң ойланбастан келістім. Маған акционерлер де, газет президенті де хабарласты. Редакцияның елдегі саяси оқиғаларға, билікке қатысты көзқарасы өзгермейді. Өз ақиқаты бар газет. Өзінің 100 жылдық тарихында әртүрлі кезеңдерді бастан өткізген. «Жас Алаш» бұрын да елдегі ең маңызды, әлеуметтік саяси экономикалық мәселелерді ақиқат тұрғысынан, талдайды. Шенге, атаққа қарамастан сынау позициясы да өзгермейді»,- дейді И.Иманбай.
Инга Иманбай жұбайы Жанболат Мамай және олардың жақтастары көтерген партия құру бастамасына газет араласпайды, деген пікірде. Ол газет ДПК партиясын құру бастамасына байланысты насихат жұмыстарына бейтарап қарайтын болады деп жауап қатты. Ал Руслан Ербота әлеуметтік желідегі жазбасында «Газеттің ендігі бағыты, тағдыры қалай боларын, жаңа редакторы «Жас Алаштың» дәстүрін сақтар-сақтамасын, листовкаға айналар-айналмасын немесе бір партияның қол шоқпары болар-болмасын және де басқаларын енді акционер біледі», деп екіұшты ой тастаған еді.
«Жас Алаш» газетінің қазіргі президенті, (кейбір дерек көздерінде марқұм Алтынбек Сәрсенбаевтың жүргізушісі болған деп жазылған - авт.) Аманжол Рысбеков.
«Редакторлардың ауысуы акционерлердің шешімі, басқа айтарым жоқ, бәрі келісілген, команда жұмысын жалғастырады, мен жұма намазында мешітте едім», - деп Аманжол Рысбеков қысқа қайырды.
«Жас Алаш» газетінің алғашқы номері 1921 жылы 22 наурызда жарық көрген. Түрлі формациядан өткен Қазақстан қоғамында өзгерістерді бастан кешірген басылым жастарға арналған. Баспасөз құралының алғашқы бас редакторы - Ғани Мұратбаев. «Лениншіл жас» газеті қайтадан «Жас Алаш» атауын алған тәуелсіздік жылдары басқарған редакторлар:
- Сейдахмет Бердіқұлов (1990-1992)
- Уәлихан Қалижан (1992-1994)
- Төрехан Данияр (1994-1996)
- Нұртөре Жүсіп (1996-2002)
- Жүсіпбек Қорғасбек (2002-2006)
- Рысбек Сәрсенбай (2006- 2017)
- Руслан Ербота (2017-2020)
Ришат Асқарбек, Алматы