$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.01.2020, 15:50
Қоғам

Алматыдағы IT Университеттің бұрынғы ректоры кімнің ақшасына қол салған?!

Сот кейінге қалды 

Алматыдағы IT Университеттің бұрынғы ректоры кімнің ақшасына қол салған?!

Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректорының ісіне байланысты басты сот тыңдауы болмай қалды. Дәмір Шыныбековтің ісін Алматы қаласы Бостандық аудандық қылмыстық істер жөніндегі соты 9 қаңтарда  қарауы керек еді. Алайда судья істі 28 қаңтарда бастауға шешім қабылдаған. Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі берген ақпаратқа қарағанда, бұрынғы ректордың қорғаушысы ауысқан. Бас сот талқылауында адвокат қылмыстық іспен толық таныспағанын айтып, негізгі сот талқылауының мерзімін ұзартуды сұраған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  ақпарат агенттігінің тілшісі.

Дәмір Шыныбеков жеті айдан бері тергеу абақтысында отыр. Алматы қаласы ауданаралық тергеу сотының қаулысымен бұрынғы ректорға былтыр 29 мамырда  бұлтартпау шарасы қолданылды. Содан бері қамауда отырған күдікті қалалық сотқа аппелияциялық шағым түсіргенімен, сот оны тергеу кезінде уақытша босатудан бас тартты. Дәмір Шыныбековке ҚР ҚК 189 бабы 4 бөлімі 2 тармағымен, яғни  «бөтеннің сенiп тапсырылған мүлкін ірі көлемде иемденген немесе талан-таражға салған» деген айып тағылған. 

Дәмір Шыныбеков Қазақстан жоғарғы оқу орындарының ішінде ең жас ректор ретінде танымал болды. Ортасы оны амбициясы басым, жаңаша ойлайтын маман ретінде мойындайтын. Ол 29 жасында докторлық диссертациясын қорғап, 32 жасында елдегі ең беделді оқу орындарының біріне ректорлыққа тағайындалған. Қазақстандық алғашқы IT Университетті ашуға Елбасының өзі тапсырма беріп, ақпараттық технологияларды меңгерген білікті мамандар дарялау бойынша Орталық Азия аумағындағы жетекші орынға көтерілген.

Қазақстан жоғарғы оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов университеттің бұрынғы басшысын білікті маман, ізденімпаз адам ретінде бағалағанын, оның қаржылық қылмысқа қатысы барын естігенде өкінгенін айтты.  

«Дәмір  маман ретінде білгір болатын. Жаңа университетті аяқтан тұруға өз үлесін айтарлықтай қосты. Көп жетістікке жетеледі. Біздің балалар Массачусетс технологиялық университетімен жарысқа түсіп, солармен білімдерін тең держеде көрсетті. Соның барлығы оның еңбегі еді. Жаңалық іздейтін, жігіт еді. Бірақ қаржы жағынан не болғанын мен білмеймін»,- дейді Р.Алшанов.

Дәмір Шыныбеков аталған ЖОО алғашқы күннен бастап,  үздіксіз 10 жыл басқарған. Оған дейін төрт жыл бойы Алматыдағы Халықаралық бизнес университетінде факультет деканы болған. Ашық дереккөздерінде Білім және ғылым министрі қызметінде 2016-2019 жылдары отырған Ерлан Сағадиев жекеменшік екі ЖОО-ның, яғни Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті мен Халықаралық бизнес университетінің (UIB) иесі екені айтылады.  

Бұрынғы министр 2009-2012 жылдары ХАТУ-дың президенті болған, одан кейін бұл қызметке оның әкесі Кенжеғали Сағадиев тағайындалған. Ал осы кезеңде университеттің оқу-білім, тәрбие және шаруашылық жұмыстарына қазір істі болып отырған күдікті Шыныбеков жауапты болды. Осы орайда  істі болған азамат кімнің қаражатына қол салған және оның мөлшері қанша деген заңды сұрақ туындайды?! Оның жай-жапсары осы айдың соңында басталатын бас сот талқылауында белгілі болуы тиіс.

Ректордың білім ошағындағы жұмысынан тыс депутаттық және партиялық  мансабы да болған. Дәмір Әбдіқалиұлы «Нұр Отан» партиясының атынан Алматы қаласы Бостандық ауданы №21 сайлау округінен жергілікті мәслихаттың депутаттығына үміткер болып, сосын Алматы қалалық мәслихаты депутаттығына сайланған.    

«Мен былтыр Ерланнан (Сағадиев- автор) сұрағанмын. Олар қазір өз үлестерін сатып, құрылтайшылықтан кеткенбіз деп айтты. Бірақ үлестерін кімге берді деген туралы қауымдастық атынан ақпарат жинаған емеспіз. Ол кімнің қаржысын алды хабарым жоқ. Бұл сұрауға қатысымыз да жоқ. Ол ішкі істері. Дәмірмен бірге мәслихатта депутат болдық. Сонда айтқаным бар. Сен байқап істегенің дұрыс, басшыларыңмен арадағы қағаздарға сақ бол, артық ешнәрсеге араласпа деп талай рет ақылымды айтып жүрдім», - дейді ЖОО Қауымдастығының президенті.

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің сайтында қазіргі ректор ретінде Раиса Өскенбаева көрсетілген. БАҚ беттерінде Д. Шыныбековтің былтыр сәуір айында ХАТУ басшылығынан кеткені туралы жазылған болатын. 

Ришат Асқарбекұлы, Алматы         

Серіктес жаңалықтары