$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.12.2021, 22:50
Қоғам

Атырау облысының Мәдениет басқармасы 370 млн теңгені тиімсіз пайдаланған

Лауазымды тұлғаларға 3,6 млн теңге айыппұл салынды

Атырау облысының Мәдениет басқармасы 370 млн теңгені тиімсіз пайдаланған
Фото ашық дереккөзден

Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясы  мәдениет саласына аудиторлық тексеру жүргізіп, жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеге ҚР Бюджет кодексінің талабы бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды «Ақ Жайық» басылымы.

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының квазимемлекеттік секторының 15 субъектісі тексерілді. Тексеру нәтижесінде 903 млн теңгенің «тиімсіз жоспарланғаны» және 370 млн теңгенің «тиімсіз пайдаланылғаны» белгілі болды.

Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы бойынша бұрын бекітілген жоспардан тыс түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге 860,4 млн теңге жұмсалған. Ал бұл Бюджет кодексінің талабын бұзу болып есептеледі.  Атап айтқанда, 2019 жылы басқармаға қарасты облыстық тарихи-өлкетану музейі «Музей түні» шарасын ұйымдастыруға 3,6 млн теңге бюджет қаражатын жұмсаған. Тексеру комиссиясының мүшесі Нұрбол Қонысовтың айтуынша, ҚР мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында жыл сайын «Музей түні» акциясын өткізу іс-шарасы бюджет қаражатын талап етпейтіні көрсетілген. Оның үстіне кәсіпорындар жасақталған шығыстар сметаларында көрсетілген жұмыстар мен қызметтер құнының сомаларын негіздеуші құжатпен анықтамаған.

Сатып алынған тауарлардың, қызметтердің нарықтық бағаға сәйкестігін салыстыру барысында 2019 жылы Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония 130 млн теңгеге 20 мың дана кітаптың әрқайсысын 6500 теңгеден сатып алғаны, ал нарықтағы орташа бағасы 3050 теңге екені анықталып, нәтижесінде 69 млн теңге бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған болып шықты.

Одан бөлек аудиторлық тексеру еңбекақы, сыйақы, жәрдемақы есептеп төлеуде және iссапар шығындары бойынша заңнама талаптары сақталмай, қызметкерлерге 9,2 млн теңге бюджет қаражаты артық төленгенін анықтады.

Тексеру нәтижесінде 115 бұзушылық фактісі анықталып, әкімшілік істер бойынша материалдар уәкілетті органдарға жолданған. Бүгінде лауазымды тұлғаларға 3,6 млн теңге айыппұл салынды.

 

 

Серіктес жаңалықтары