Талдықорғанда 12 жасар қызға өгей әкесі 3 жыл бойы зорлық көрсетіп келген
Өкініштісі, карантин кезінде мұндай оқиғалардың қатары көбейген
Талдықорғанда 12 жасар қызға өгей әкесі үш жыл бойы зорлық көрсетіп келген. Бұл туралы «Астана» арнасына криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Дүйсетаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қорлық көрген қыз өзіне қол салмақшы болған. Мамандардың араласуымен бұл іс шешімін тапты. Бірақ елімізде карантин және шектеу шаралары енгізілген кезеңде мұндай қылмыстар саны едәуір артқан.
«Талдықорғандық 12 жасар қызды анықтадық. Ол өгей әкесі тисетінін жазған. Сейсенбіде ақпарат келді, сенбіде ол өзін өлтіремін деп қорқытты. Жұмыс барысында өгей қызын үш жыл бойы зорлап келген өгей әкені ұстадық», - деді ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаев.
Сондай-ақ, кәмелетке толмаған жеткіншекпен интимдік тақырыпта хат алмасқан Алматы қаласының 24 жастағы тұрғыны ұсталды. Бұған қатысты қылмыстық іс сотқа жолданған.
«Жыл басынан бері порнография, есірткі қылмыстары, онлайн казинолар қызметі, қаржы пирамидалары, басқа да алаяқтық схемалар, қатыгездік немесе суицид культін насихаттау, қару сату және т.б. қоса алғанда 7300 шетелдік интернет-ресурс анықталды. Олардың мәліметі Қазақстан аумағынан кіруге тыйым салу үшін ақпараттық жүйеге енгізілген», - деді Рүстем Дүйсетаев.