«2-сынып оқушысын көлік қағып кетті»: Шымкенттегі шағын аудан тұрғындары балалары үшін алаңдаулы
Енді халық қала әкіміне арызданамыз деп бекініп отыр

«Халықтың үнін тыңдар шенеунік бар ма?». Осылай деп ашынған Шымкент қаласындағы «Тұран» шағын ауданының халқы балаларының қауіпсіздігіне алаңдаулы, деп хабарлайды Otyrar.kz.
Тұрғындардың айтуынша, автобус сабақтан қайтқан оқушыларды үлкен жолдың бойында тастап кетеді екен. Наразы тұрғындар қоғамдық көлікті Кәусар көшесінің ішімен жүргізсін, не болмаса қауіпсіздікті қамтамасыз етсін деген талап қойып отыр.
Күні кеше дәл осы маңда сабақтан келе жатқан 2-сынып оқушысын көлік қағып кеткен еді. Оқыс оқиға орын алған бұл қиылыста аялдама да, бағдаршам да, тіпті жаяужүргіншілер жолағы да жоқ. Дәл осы жағдайдан кейін Тұран шағынауданының халқы көшеге шығып наразылық білдірді.
Бұл мәселені көтеріп бірнеше рет шағымдандық деген жұрт әлі күнге нәтиже көрген жоқпыз дейді. Ал қалалық Энергетика басқарма басшысының орынбасары келіп «ешқандай жол белгісін орната алмаймыз» дегенді кесіп айтты.
Шендінің айтуынша, жол тек келесі жылы салынып бітеді екен. -1 градуста асфальт төсей алмаймыз деген басшы орынбасары күннің жылынғанын күту керек деп отыр. Ал Қаратау ауданы әкімдігінен келген бөлім басшысы, бұл біздің құзыретімізде емес, біз тек ұсыныс береміз деген уәжбен шектелді.
Бастапқыда биыл қолданар шарамыз жоқ деп тұрған мамандар кейіннен ашынған халықтың жанайқайын түсінгендей болды. Мәселені жан-жақты сараптап, проблеманы шешудің уақытша болса да жолын тапты. Яғни, Қаратау әкімдігінің ұсынысымен, энергетика басқармасының орындауымен келесі аптада бұл жерде жаяу жүргіншілер жолағы мен аялдама салынатын болды.
Балаларының қауіпсіздігін ойлаған тұрғындар, мамандарға нөмірі 17 автобусты Кәусар көшесі арқылы жүретін етіп берсеңіздер деген өтінішін айтты. Алайда қалалық транспорт басқармасы бұған дейін осы көше арқылы қатынаған қоғамдық көлікті енді олай жүргізе алмаймыз деп кесіп айтты. Себеп – кешендік схемаға сай келмейді екен. Енді халық қала әкіміне арызданамыз деп бекініп отыр.