«20 жылдан бері жылуға жарымай келеміз»: Кентаудағы көпқабатты үй тұрғындары жылу ақысын төлеуден бас тартуда
Жергілікті билік бір аптада мәселені шешпесе жұртшылық елордаға шағымданбақ

«Жылудың ақысын төлемейміз!». Түркістан облысына қарасты Кентау қаласындағы көпқабатты үй тұрғындары сапасыз жылуға ақы төлеуден бас тартып отыр, деп хабарлайды Астана арнасы.
Айтуларынша, олар жиырма жылдан астам уақыттан бері жылуға жарымай келеді. Үйдің салқындығынан жас та, кәрі де жиі ауырады деп налиды. Ал жауаптылар "осыған риза болыңдар" деп шығарып салатын көрінеді.
Кентау қаласының орталығындағы № 7-ші үйдің тұрғындары "жылудың мардымсыздығынан бойымыз бір жылымады" деп ашуланады. Пәтерлер азынап тұр, жұрт қабат-қабат киім киіп, жан бағып отырғандарын айтады.
«Мен 20 жыл тұрамын, содан бері маңдайым терлеп көрген емес бұл үйден. Қыста көретініміз қорлық, оранып отырамыз. Не жөнді жуына алмаймыз, не шешініп жата алмаймыз. Жылу жоқ ешқандай. Бірақ төлеп жатырмыз», - дейді қала тұрғыны Дәметкен Ырысдәулетова.
Үйдің салқындығынан кей пәтерлердің қабырғасы көгере бастапты. Жағымсыз иіс қолқаны қабады. Оның денсаулыққа зияны айтпасақ та белгілі дейді өкпелі халық. Амалсыздан әр бөлмеге бір-бір тоқ пешін қосып отырғандарын айтады. Жылуға бір, электр қуатына екі шығындалатын көрінеді.
Білулерінше, әкімдік 50 пайыз жеңілдік жасағанға ұқсайды. Бірақ жылдар бойы мардымсыз жылуға ақша төлеп келдік дегендер енді ақы төлеуге мүлдем үзілді-кесілді қарсы екендерін жеткізді. Шенділерге талай айтқанымен мәселе шешілмеген. Бұл жолы да олар тағы әкімдікке келіп, мұң-мұқтаждарын тыңдар құлақ іздеді. Суық пәтерде бүрсең қаққан тұрғындарды әкімнің салаға жауапты орынбасары жылы кабинетінде қабылдады. Тұрғындардың мәселесінен хабарсыз екенін айтты. 20 жылда шешілмеген түйткілдің түйінін 1 аптада тарқатамын деп сендірді. Қырқына шыдаған халық қырық бірге шыдайтындарын айтады. Ал егер уәде етілгендей, мәселе бір аптада шешілмесе, Елордаға дейін шағымданамыз дейді.