$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.12.2021, 23:53
Қоғам

«Төбесінен су сорғалап тұр»: Өскеменде мемлекеттік бағдарламамен салынған үйдің сапасы сын көтермейді

Аталған тұрғын үй мүгедектер мен дәрігерлерге берілген

«Төбесінен су сорғалап тұр»: Өскеменде мемлекеттік бағдарламамен салынған үйдің сапасы сын көтермейді

­Өскеменде мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің бірінде ыстық су құбыры жарылып, төбесі ортасына түскен. Абырой болғанда, бұл уақытта пәтерде ешкім болмаған деп жазады Azattyq Ruhy тілшісі.

Оқиға Өскемендегі Ілияс Есенберлин 4/1 мекенжайында болған. Тұрғынның айтуынша, үйдегі су құбыры желісі дұрыс орнатылмаған. Салдарынан қысым күшейіп, бес қабатты үйдің шатырында құбыр жарылған.

Үй иесі Светлана Викторовна ол кезде жұмыста болған. Көршісі оған хабарлысып, үйінен су ағып жатқанын айтқан.

«Көршім айтқанда шошып кеттім. Үйге келсек төбеден су сорғалап тұр. Ыстық суды кешіп жүріп әзер тоқтаттық. Төбеге жабыстыра салған гипсокартон құлап, ортаға түсіпті. Бұл жағдай бірінші рет емес. Қайта күндіз жарылды. Түнде жарылса қайтер едік. Күйіп қалар ма едік?! – дейді Светлана Викторовна.

Оның айтуынша, үйдің сапасы сын көтермейді. Төбесі жұқа болғандықтан бөлмелерді жылыту нағыз азап жұмыстардың бірі.

«14 жыл кезекте тұрып, мемлекеттік бағдарлама бойынша осы үйді алдық. 2019 жылы көшіп келдік. Бір жыл жылусыз отырдық. Қайда барсақ та, жазсақ та, ешқандай нәтиже болған жоқ. 2020 жылға дейін барлық тұрғын көшіп келгенше біз жылусыз отырдық. Үйдің сапасы нашар. Барлық жері гипсакартонмен қапталған. Балконда саңлаулар көп, жел аңырап тұрады. Қазір келтірілген шығындар бойынша хаттама толтырылып жатыр. Ары қарай не істейтінімізді білмейміз. Бұл үйде тоқ қосып, тамақ істей алмайсың. Мұнда мал емес, адамдар тұрады, төбені осыншама жұқа қылып істеуге бола ма?» - дейді Светлана Устименка.

Аталған үй мемлекеттік бағдарламамен салынғандықтан бұл үйде мүгедектер, дәрігерлер және өзге санаттағы адамдар тұрады. Қабырғалары жұқа, көрші үйдегілердің әңгімесі естіледі. Ал, шатырдың жұқалығы сонша, суық терезеден ғана емес, төбеден де ұрып тұр. Тұрғындар бізді шатырға шығарып, төбенің немен қапталғанын көрсетті: онда тек тақтайға қағылған гипсокартон ғана бар, екеуінің арасына жұп-жұқа етіп құрылыс мақтасын жүргізген.

Осы үйдің тұрғыны Бақыт Таймасованы білікті маман ретінде жергілікті билік Семейден арнайы алдырыпты. Алайда, оған берген пәтерінің сыйқы осы. Ол өзінің алтын уақытын жұмысқа арнай ма, әлде үйдің жөндеу жұмыстарымен айналыса ма – өзі білмейді.

«Үйдің сапасы өте нашар. Төбесі жұқа. Суық. Үйді алғаннан кейін толықтай қайта жаңаладық. Себебі барлығы қаусап тұр. Терезелерін айтпай-ақ қояйын. Аймақ басшысының өзі білікті дәрігер деп осы үйдің кілтін табыстаған. Үйді бізге кейін жекешелендіріп береміз деген. Бірақ қазір ТКШ бізге жекешелендіру алынып тасталған деп айтып жатыр», - дейді Бақыт Таймасова.

Мәселеден құлағдар болған әкімдіктегілер келіп хаттама толтырып, шығынды есептеуде.

Айта кетейік, осы бір жыл ішінде КШТ ықшамауданында мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің бірнешеуінен ақау шыққан болатын. Мердігерлердің жұмысына сенуден қалған тұрғындардың көңілінде үміттен күдік басым. Үй иелері мәселеге балық үндес, бақа тілдес болған құрлыс компаниясы мен құрылысты қабылдап алушы мекемені кінәлап отыр.

Таунар Қайратұлы ШҚО

Серіктес жаңалықтары