Атырауда үш ай бойы еңбекақы алмаған зауыт жұмысшылары наразылыққа шықты
Жұмысшылардың зейнетақы қорына, әлеуметтік төлемдеріне де бір тиын аудармаған
Атырауда үш айдан бері еңбекақыларын ала алмай жүрген «Caspian Contractors Trust» зауытының жұмысшылары бас көтерді, деп хабарлайды 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар қызметі.
Олар басшылық бізге тапсырысты артығымен орындатып, ақысын төлерде ақымақ қылып отыр дейді. Айтуларынша, зауыттағы жүзден астам адамға қыркүйектен бері жалақы төленбеген. Және міндетті әлеуметтік төлемдеріне бір тиын да аударылмаған. Соның кесірінен қалталары бос жұмысшылар айлап үйлеріне де бара алмай отыр екен. Ал еңбек инспекциясындағылардың айтуынша, зауытта қаржы болғанымен, есепшоттары бұғатталған.
Зауыт алдына жиналған жұмысшылардың төзімі таусылған. Азын-аулақ айлықтың өзін үш айдан бері алмапты. Компания басшылары әне -міне деп алдап келді дейді. Темір құрастыратын ірі компания өңірдегі мұнай сервистік мекемелерден тапсырыс алады екен. Жұмысшылардың айтуынша, тапсырыс көп, яғни жұмыс тоқтаусыз жүріп жатыр. Бірақ еңбекақымызды бермейді деп ашынады.
«Үйге бармағаныма бір айдай болды. Үйге не деп барамын?! Қалтамда баратын жолақы да жоқ. Бізге керегі жалақы, басқа ештеңе керек емес. Алдымызда тәуелсіздік мерекесі келе жатыр. Лауазымды адамдар осыны шешіп берсе екен», - дейді жұмысшы Рүстем Тілеков.
Айтуларынша, зауыт жүз отыздан астам жұмысшының еңбекақысынан бөлек бірнеше айдан бері зейнетақы қорына, әлеуметтік төлемдеріне де бір тиын аудармаған. Компания басшылары бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартты. Ал еңбек инспекторлары бұған дейін шағым түспегенін, жедел тексеру жүргізетіндерін айтты.
«Тездетіп шешуге шаралар қабылдаймыз. Облыстық әкімдікпен де, банкпен де бірге жұмыс жасаймыз», - деді Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Кемел Иманғалиев.
Еңбек инспекциясындағылардың айтуынша, зауытта қаржы бар. Бірақ есепшоттары жабылып қалған. Оған себеп компания құрылғанда қомақты несие алған. Пандемияға байланысты осы қарызды төлеуде қиындықтар туындапты.