$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.12.2021, 22:03
Қоғам

Алматы облысында психикалық ауытқуы бар науқастар медициналық көмектен қағылуы мүмкін

Бұған Талғар ауданындағы орталық жұмысының тоқтауы себеп

Алматы облысында психикалық ауытқуы бар науқастар медициналық көмектен қағылуы мүмкін
Фото ашық дереккөзден

Алматы облысында 250-ден астам психикалық ауытқуы бар науқас медициналық көмексіз қалуы мүмкін. Өйткені олар емделіп жатқан Талғар ауданындағы медициналық-әлеуметтік оңалту және психотерапия орталығының жұмысы тоқтаған, деп хабарлайды КТК арнасы.  

Арнаның хабарлауынша, жұмыссыз қалғалы тұрған емдеу мекемесінің ұжымы облыстағы басшыларының мұндай шешіміне өкпелі. Ал тоғыз ай бұрын 10 жарым мыннан аса тіркеуде тұрған емделушілерін облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар Талдықорған қаласындағы ауруханаға қағаз жүзінде аударған. Содан бері ақпараттық жүйеден өшірілген олар не мемлекеттен қаражат ала алмай, не науқас қабылдай алмай отыр.

Талғар ауданындағы орталық облысқа ауыстырылады дегенді естігенде жұрт шу ете түскен. 250 орынға арналған стационарға жергілікті науқастардан бөлек, маңайдағы 11 ауданнан жүйке жүйесінде ауытқуы бар жандар келіп қаралады. Өйткені бұл аймақтағы мамандандырылған жалғыз үлкен мекеме. Ал 300 шақырым жердегі Талдықорғанға баруға сырқаты ауыр адамдардың мүмкіндігі жоқ.

Орталық 30 жылдан бері үзіліссіз жұмыс істеп келеді. Мұндағы науқастарды тоғыз ай бұрын облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар қағаз жүзінде Талдықорған қаласына жаппай ауыстырылды деп көрсетіпті. Шын мәнінде емделушілердің барлығы өз орнынан қозғалмаған. Ал мекеме басшылығы ақпараттық жүйеде көрсетілмейінше, мемлекет көмегіне өтініш өткізе алмай отырмыз дейді.

Бұдан бөлек, 10 жарым мыңнан аса емделушілерінен айырылған мекеме жалақы төленбесе, қызметкерлерімізден де айырыламыз дейді.

«4 сәуірден бастап біздің ауруханаға жатқызу туралы база бар. Сондықтан кім есепте тұрады, кім тұрмайды, оны ауруханаға қабылдаған уақытта базаға кіргіземіз. Сол база жұмыс істемей қалды. Қаржы жағдайы болмағаннан кейін амалсыз сырқаттарды шығаруға тура келеді. Стационарлық ем қабылдамағаннан кейін бұл кісілер үйіне қайтарылады», - дейді Алматы облыстық медициналық-әлеуметтік оңалту және психотерапия орталығы директорының орынбасары Талғат Сейітов.

Мекеме басшылары талай жерге хат жазған. Бастапқыда цифрландыруға байланысты уақытша ауыстырылғанын айтқан. Бұдан бөлек, олар облыстағы небәрі 130 адамға шақталған орынға 250 науқасты қалай сыйдыратынын түсіне алмай дал.

Қазір бір ғана Алматы облысында ақыл-есінде ауытқуы бар 18 мыңнан астам науқас диспансер есебінде тұр. Олардың басым көпшілігі жаңа медициналық мекемеге бекітілген. Осылайша Талғардағы психотерапия орталығының болашағы әлі екіұдай күйде. Жағдай бұлай жалғаса берсе, науқастардың туыстары Мемлекет басшысына ұжымдық үндеу жазатынын айтады.

 

Серіктес жаңалықтары