Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасына 7 миллион адам қатысты
2025 жылы бұл іс-шараларға 6 миллион адам қатысқан еді
«Таза Қазақстан» аясында ұйымдастырылған шараларға тұрғындардың қатысу белсенділігі жыл санап артып келеді. Қазақстанда жаңа экологиялық мәдениеттің өзегіне әрі жаңа Конституциядағы табиғатқа ұқыпты қарау қағидатына айналған Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы қарқынды жалғасуда. Ауқымды жоба аумақтарды абаттандыру, қалдықтармен жұмыс істеу инфрақұрылымын дамыту және экологиялық ағарту бағыттары бойынша кешенді шараларды қамтыды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Егер 2025 жылы жыл бойы бұл іс-шараларға 6 миллион адам қатысса, биылғы жылдың қаңтарынан осы күнге дейін қатысушылар саны 7 миллионнан асты. «Таза Қазақстан» жобасы басталғалы бері еліміздің елді мекендерінде 7 миллионнан астам ағаш отырғызылса, мемлекеттік орман қорының жерлеріне 1 миллиардтан астам көшет пен шыбық егілді.
«Экологиялық сана, экологиялық білім беру және басқа да бағыттарға қатысты мәселелер жаңа Конституцияға енгізілді. “Таза Қазақстан” бастамасы тек сенбіліктермен шектелмейді. Бұл ең алдымен еліміздің тұрғындары арасында экологиялық сананы қалыптастырып, дамыту мәселесі», — деп атап өтті ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев.
Өскелең ұрпақты экологиялық тұрғыдан тәрбиелеу мен азаматтармен кері байланысты цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. 265 мектепке дейінгі ұйымда арнайы «Жасыл балабақша» бағдарламасы енгізіліп, мектептерде 560 мыңнан астам тақырыптық тәрбие сағаты өтті. Сондай-ақ тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беру мақсатында TazaQazBot Telegram-боты іске қосылған. Бұл бот арқылы аулалар мен қоғамдық кеңістіктердің санитарлық жағдайы және оларды абаттандыру бойынша 57 мыңнан астам өтініш қабылданып, қаралды.
Аумақтарды санитарлық тазарту аясында бүгінге дейін 9 мыңнан аса заңсыз қоқыс орны жойылып, 3,8 миллион тоннадай қоқыс жиналды. Қазір мемлекет қалдықтар мәселесін жүйелі түрде шешуге көшіп, оны жай жинаудан терең өңдеу мен кәдеге жаратуға басымдық беруде. Мәселен, шетелдік инвесторларды тарту арқылы Астана мен Алматы қалаларында және Жамбыл облысында жалпы құны 300 миллиард теңгеден асатын, тәулігіне 4,4 мың тоннаға дейін қалдықты қайта өңдейтін заманауи кешендер салынып жатыр. Жаңа нысандар қоқысты жай көме салудан Waste-to-Energy (қайта өңделмейтін қалдықтардан электр энергиясын өндіру) технологиясына өтуге және өңірлердегі полигондардың жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарататын осындай зауыттар салу Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Павлодар және еліміздің басқа да ірі қалаларында жоспарланған.
Қалдықтарды басқару саласындағы жобалар кәдеге жарату алымы (утиль алым) есебінен қаржыландырылып отыр. Бүгінде бұл бағытта нақты нәтижелер бар: мақұлданған 371,9 миллиард теңгенің 68 жобасының ішінен жалпы сомасы 122,6 миллиард теңге болатын 34 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде құны 9,9 миллиард теңгені құрайтын 15 жоба пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, EcoQoldau бағдарламасы аясында қағаз, шыны, шина және пластикті қоса алғанда, қалдықтардың 162 мыңнан астам түрін жинауға 5,3 миллиард теңге бағытталды.
Жалпы соңғы 6 жылда Президенттің Жолдауында елді мекендерді көгалдандыру және ормандарды қалпына келтіру бойынша қойылған міндеттер аясында 18,1 миллион ағаш отырғызылды. Осы кезеңде ормандарды қалпына келтіру жұмыстары шеңберінде 1 миллион гектардан астам алқапқа шамамен 1,7 миллиард түп ағаш егілді. Қазақстанның орманмен көмкерілген жер көлемі 14 миллион гектарға жетті.