«Жалақымыз бір айдан екінші айға жетпейді»: Өскемен су арнасының жұмысшылары жалақыларын көтеруді талап етті
Ал кәсіпорын басшылығы жалақыны арттыру үшін арнайы тарифке рұқсат керектігін айтады
Өскеменде «Өскемен водоканал» мемлекеттік кәсіпорынның алдына 100-ге жуық жұмысшы жиналып, еңбекақыны көтеруді талап етті. Айлығы шайлығына жетпеген соң олар осындай қадамға барған. Айтуларынша, соңғы 5 жылда жалақы мөлшері өспеген. Тіпті жағдай жасалмағандықтан ескі техникамен титықтап жүр.
Аталған кәсіпорында 700 ге жуық жұмысшы бар. Шілденің шіліңгір ыстығы мен қаңтардың қақаған аязына қарамай тер төккен олар мардымсыз жалақымен отбасын асырауда. Тіпті соңғы бірнеше жылдағы қымбатшылық мұндағыларға айтарлықтай қиындық тудырса керек. Айналдырған 70-80 мың теңгемен әупірімдеп өмір сүріп жатыр.
«Мен экскаваторда жұмыс істеймін. Негізгі талабымыз – біздің еңбекақымызды көтерсін. Мен басқа ештеңе сұрап тұрған жоқпын. Жалақымызды өсіріп, адам қатарлы өмір сүргіміз келеді. Бәрі күннен күнге қымбаттап жатыр. Маған банктер несие бермейді. Өйткені кіріс аз. Өмір сүруге жетпейді. Бұрын өз арамызда басшылықпен осы мәселені көтердік. «Әне ертең, міне ертең» деп жүріп жоқ болды. Жаңа жылдан кейін азық-түлік тағы қымбаттайды. Бірақ еңбекақымыз өскен жоқ. Бәріміз кредитке өмір сүріп жатырмыз. Оның да сұрау, қайтарымы бар. Өйткені бір айдан бір айға жетпейді», - дейді «Өскемен водоканал» мемлекеттік кәсіпорынның жұмысшысы Ержан Әлімханов.
Мұндағы жұмысшылар айлықтың аздығынан күндіз-түні, тіпті демалыс күндері де қалып жұмыс істеуге мәжбүр.
«Маған күндіз-түні, сенбі-жексенбі күндері де жұмысқа шығу керек. Отбасымды асырау үшін кешке қалып істеймін. Айлық аз ғой. Менің айлығым 80-90 мың теңге. Демалыста істегенде жүз мың шығады. Еріккенімнен шығып жүрген жоқпын», - дейді Ержан Әлімханов.
Ермек Кәрімбек осы кәсіпорында жүргізуші болып жұмыс істейді. «70 мың теңге айлық жыртығымды жамауға да жетпейді» деген ол еңбекақысына мүгедек баласының үкіметтен алатын азғантай тиынын қосып, күн көріп отырғандығын айтып отыр.
«Бізге сағатпен төлейді. Менің сағатына алатын ақым – 536 теңге. Сол теңгені күніге сегіз сағатқа көбейтіп, одан зейнетақы алымын алып тастағанда, күніге маған үш мың екі жүз теңге шығады. Ал мына заманда үш мың теңгеге өмір сүру мүмкін бе? Айлық-жалақы аз болғандықтан біздің гаражда 19 жұмысшы жетіспейді. Ал, енді жоқ жұмысшылардың орнына біз демалыссыз жұмыс істеп жатырмыз. Енді жұмысты тоқтатуға болмайды ғой. Менің мүгедек балам бар. Әйтеуір осы 70-80 мың теңге айлығыма соның пенсиясын қосып, өмір сүріп жатырмын. Айлық аз болған соң ешкім жұмыс істегісі келмейді. Қаншама жүргізуші жұмыстан шығып кетті», - дейді Ермек Кәрімбек.
Техника әбден ескіргендіктен жұмысшылардың еңбегі ауыр, көп жағдайда қолмен жұмыс істейді. Ал, жұмыс орны суық болғандықтан қоқыстан отын теріп жылынып жүр. Әкімдік бұл жағдайдан хабардар екен. Тек, мәселені әлі күнге дейін шеше алмай келеді.
«Қазір біз Монополияға қарсы комитетпен соттасып жатырмыз. Тариф аз, ақша жетпейді. Бізге төмен тариф берді. Онымен келіспейміз. Бұл тариф бес жылға берілген. Бірақ ақшасы аз. Сол себепті жалақы мөлшері төмен. Сонымен қатар, техникамыз ескі. Облыс пен қала әкімдігі де бұл жағдайдан хабардар», - дейді Өскемен Водоканал» МКК директоры Ержан Аубакиров.
Таунар Қайратұлы ШҚО