$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.11.2021, 18:18
Қоғам

Қазақстандық жастар үшін шетелге көшудің басты мотиві не?

Жастардың басым көпшілігі шетелге тұрмыс деңгейін жоғарылату және сапалы білім алу үшін көшкісі келеді

Қазақстандық жастар үшін шетелге көшудің басты мотиві не?
Көрнекі фото

Жастар – мемлекеттің дамуына тікелей ықпал ететін және оның болашақ траекториясын анықтайтын маңызды әлеуметтік топ. Қазақстандық медиа ресурстарда соңғы уақытта жастардың шетелге қоныс аударуы туралы тақырыпта көптеген мақала жазылып, сюжеттер түсіріліп жүр. 

Жастардың елдегі әлеуметтік-саяси жағдайға қаншалықты қанағаттанатыны олардың миграциялық көңіл-күйіне әсер ететіні сөзсіз. Осы мәселе төңірегінде жақында таныстырылған Фридрих Эберт қоры жүргізген маңызды зерттеу нәтижелеріне үңілсек. Денсаулық, білім, медицина, құндылықтар, саясат, дін және тағы да бірқатар тақырыптарды қамтыған зерттеудің маңызды бір тармағы жастардың миграцияға көзқарасы және мобильділік мәселелеріне арналған.

Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Қазақстан жастарының басым көпшілігі Қазақстанда оқығысы және жұмыс істегісі келеді. Дегенмен, шетелде тұрғысы және оқығысы келетіндердің үлесі аз емес дейді авторлар: шетелде оқу – білім жетілдірудің, жақсы жұмыс табудың амалы деп біледі.

Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 3,8%-ы ғана шетелде оқитыны және сонда тұратыны анықталған, ал 8,8%-ының Қазақстаннан тыс жерде алты айдан аса уақыт өмір сүру тәжірибесі бар екен. Алайда, жастардың 64,8%-ы шетелде тұрып та, оқып та көрмеген, болашақта шетелге кету жоспары жоқ, ал 26,7%-ы болашақта шетелге көшуді ойластырып жүр.

Жастардың пікірі жас категориясына қарай ерекшеленді. Шетелде оқығысы және тұрғысы келетіндердің 33,2%-ы 14-19 жас аралығындағылар болса, әрбір төртінші респондент – 25-29 жас аралығындағы азаматтар. Бұл көрсеткіш – 25–29 жастағы қазақстандықтардың тұрмыс жағдайын жақсартып үлгергенінің белгісі деген тұжырымға келген зерттеушілер.

«Бұл жастағылар білім алып, отбасын құрып, жұмыс тауып алған болуы мүмкін. Осы орайда жастардың эмиграцияға ұмтылысының есейген сайын төмендейтінін байқаймыз. Жастардың 61,6%-ы өзге елге көшкісі келмейді. Елден қаншалықты көшкісі келетіні туралы сұраққа жастардың 11,5%-ы тез арада көшкісі келетінін айтса, 17,1%-ы оның уақыт еншісінде екенін жеткізген», - делінген есепте. 

Сонымен қатар, қала жастарының әрбір үшіншісі, ал ауыл жастарының әрбір бесіншісі эмиграцияға кетуге ынталы. «Себебі қала жастарының ауыл жастарына қарағанда білімі мен әлеуметтік капиталы, өзге мемлекетпен байланысы бар екені байқалады. Сондай-ақ олардың жаңа ортаға бейімделуге дайын», - деп топшылайды авторлар. Нәтижесінде қала жастары Қазақстаннан кетуге ынталы. Сондай-ақ, қала жастары шетелге көшудің жоспарын құрып қойған. Жастардың 8,3%-ы елден көшу үшін туысқандарынан көмек сұраған болса, 7,6%-ы шетелдік университеттер мен өзге де білім беру мекемелеріне өтініш түсірген. Қалғандары әлі ешқандай шара қолға алмаған. 

Төмендегі диаграмма жастардың эмиграцияға құлшынысының себебі әртүрлі екенін байқатады. Басты себеп – тұрмыс жағдайын жақсарту (25%), ал білім сапасы жайлы 19% сөз еткен. Өзге мәдениетпен танысу мақсатында 14% дайын, еңбекақының мөлшерін себеп ретінде көретіндер 8%, ал әлеуметтік және саяси тұрақтылық 7% респондент үшін маңызды. 

Жастардың көпшілігі Батыс елдеріне материалдық жағдайын түзеу үшін барғысы келеді. Қазақстанда Батыс елдерінде білім алу кең етек алған, сондықтан жастардың көпшілігі батыс елдеріне ұмтылады. Бұлай деуге де себеп бар: елдегі «Болашақ» бағдарламасы мен басқа да бағдарламалар ұсынатын мүмкіндіктер жастар арасында Батыс елдеріндегі білім жүйесін насихаттаушы басты тетікке айналып үлгерді. Қордың деректеріне сүйенсек, Қазақстан жастары «Шетелде оқуға (оқуыңызды жалғастыруға) мүмкіндігіңіз болса, қай елді таңдар едіңіз?» деген сұраққа Батыс елдеріне басымдық беретінін жеткізген. АҚШ-та білім алғысы келетіндер 29%-ды, ал Еуропалық Одақтың білім жүйесін озық санайтындар 23,4%-ды құраған. Үшінші орынға Ресей жайғасқан (23,3%). 

Жазда жарыққа шыққан «Зарубежная образовательная траектория казахстанцев: между стереотипами и прагматизмом» атты зерттеу нәтижелері де осы деректерді растайды. Қазақстандықтардың шетелге білім алуға кетудегі мотивтері жан-жақты талданған еңбекте қазақстандықтар арасында білім миграциясына және таңдауына әсер ететіні – репутация мен имидж факторы екені мәлім болған. Аталмыш зерттеуге қатысқан студенттер отандық білім беру жүйесінің «нашар» екенін және жоғары стандарттарға сай келмейтінін айтқан. Екінші фактор – шетелдік оқу орындарының тартымдылығы. Студенттер шетелде білім Қазақстанның ішінде де, одан тыс жерлерде де мүмкіндіктер есігін ашады деген оймен кетеді. Әлеуметтанушылардың айтуынша, жастар барған жеріне тұрақты орналасуға алдын ала дайындалып барады. Тіпті, бұл шешім отбасымен келісілген, ал университетке түсу – көшудің алғышарты. Бұл үрдіс, зерттеушінің айтуынша, ресейлік университетке кетушілердің арасында тараған. 

Қаржылай және экономикалық факторлардың да білім миграциясына ықпалы мол. Сауалнамаға қатысушылар білім алып жатқан елдерінде оқу ақысының төмен немесе тегін екенін, грант және стипендиялық бағдарламалардың бар екенін айтқан. Сонымен қатар, өмір сүру де қымбат емес деген. Бұндай пікірлерді көбіне Шығыс Еуропада оқып жатқандар айтқан. Батыс Еуропа елдерімен салыстырғанда студент еуропалық білімді Шығыс Еуропа елдерінде едәуір қолайлы бағамен ала алады.

Фридрих Эберт қорының жазуынша, жастардың басым бөлігі шетелде тұрғысы немесе оқығысы келсе де, 20,3%-ы барар елінің тілін меңгермеген. Тілді қаншалық меңгергені туралы сұраққа 35,2%-ы тек бастапқы деңгейде, 21,6%-ы орташа деңгейде білетінін, ала 19,3%-ы еркін сөйлей және жаза алатынын жеткізген. Нақтырақ айтар болсақ, 14–19 жас аралығындағы азаматтардың 15,8%-ы, 25–29 жас аралығындағылардың 28,4%-ы барар елінің тілін білмейтінін анықтаған. Яғни жасы неғұрлым кіші жастардың тілді соғұрлым жоғары деңгейде меңгергені көрініп тұр. 

Миграциялық көңіл-күйді тереңірек талдау мақсатында жастарға «Шетелге алты айдан астам уақытқа баруға (көшуге) ниетіңіз қаншалықты күшті?» деген сұрақ та қойылған болатын. Респонденттердің жартысынан көбі ондай ниетінің жоқ екенін айтса, орташа ықылас танытқандар 17,1%-ды құраған. Сонымен қатар, көшкісі келетіндер мен ықыласы зор жастардың үлесі – 11,5% (қоса есептегенде).

Қоныс аударғысы келетіндердің 26,8%-ы АҚШ-ты, 21,5%-ы Канаданы, 13,7%-ы Еуропалық Одақ елдерін, ал 11,5%-ы Ресейді таңдаған. Бұған дейін жүргізілген бірқатар зерттеулер де Батыс әлемі елдерінің қазақстандықтар үшін тартымды екенін растайды. Ең алдымен, Батыс – жастар үшін материалдық жағдайды түзеуге өте қолайлы, әлеуметтік әл-ауқатты жоғарылатуға мүмкіндіктер беретін елдер жиынтығы. Бұл приоритеттердің этностық факторы да бар екенін ескерген жөн. Қазақ жастары АҚШ немесе Еуропа елдеріне басымдық беретін болса, Ресей көп жағдайда орыс және өзге ұлт өкілдері арасында сұранысқа ие.

Мұса Қуандық

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Жастар #миграция