$ 502.83  545.37  5.95
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.11.2021, 23:54
Қоғам

Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарының бір-біріне және Орталық Азия елдеріне көзқарасы қандай?

Екі ел де бір-бірін өте жақын деп санайды екен және көршілерге қатысты теріс пікірлердің де бар екені анықталған

Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарының бір-біріне және Орталық Азия елдеріне көзқарасы қандай?
Фото ашық дереккөзден

Орталық Азиядағы саяси өзгерістер мен өзара ықпалдастықтың күшеюі, жақында өткен Түркітілдес мемлекеттердің саммиті сияқты бірқатар оқиға аймақтағы дискурстың басты тақырыбына айналды десек қателеспейміз. Сонымен қатар, эксперттік қауымдастық тарапынан Орталық Азия тақырыбына қатысты көптеген дискуссиялар, зерттеулердің де саны артуда. Соның бірі – жақын күндері жарыққа шыққан Central Asia Barometer орталығының жүргізген ауқымды зерттеуі.

Қазақстан мен Өзбекстан азаматтары мен сарапшылары арасында жүргізілген зерттеу жұмысының мақсаты – екі ел азаматтарының пікірін білу арқылы елдердің өзара ықпалдасуын нығайту жолдарын іздестіру болатын. Сауалнамаға әр елден 800 адам (жалпы саны 1600), ал эксперттік сауалнамаға 10 сарапшыдан қатысқан. Сарапшылар түрлі саладан іріктеліп алынған: экономика, су ресурстары, саясат, ұлтаралық қатынастар және шекара мәселелері. 

Жүргізілген зерттеуде бірқатар мәселе қамтылғанымен, біз солардың біріне тоқталып кетейік: Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарының бір-біріне және жалпы Орталық Азия елдеріне көзқарасы.

Зерттеу авторларының айтуынша, нәтижелерді алмай тұрып жасалынған гипотезалардың бірі – қазақстандықтар арасындағы оң бағаға ие Қырғызстан (мәдени ұқсастықтарға байланысты), ал Өзбекстан азаматтары үшін бұндай ел Қазақстан дегені (қарқын алып жатқан миграциялық белсенділік). Бұл гипотезаларды тексеру мақсатында кешенді сұрақтар қойылған болатын. Жалпы алғанда, сауалнамаға қатысушылардың барлығы дерлік (94% - қазақстандықтар, 96% - өзбекстандықтар) Орталық Азия мемлекеттері бір-бірімен тату-тәтті деп айтқан. Ал қазақстандықтардың аймақтағы әр мемлекетке қатысты пікірі төмендегі кестеде берілген: 

Қазақстандықтардың Орталық Азияның 4 еліне қатысты пікірі

Кестеде көрсетілuендей, авторлардың гипотезасы расталған деуге болады. Қазақстандықтардың 90%-ы Өзбекстанға да, Қырғызстанға да тең дәрежеде оң көзқараспен қарайды. Өзбекстандықтар да Қазақстанға тең дәрежеде қарайтыны анықталған. Екі елдің де Тәжікстан мен Түркіменстанға деген пікірі бір деңгейде. Тағы бір айта кетерлігі, Өзбекстандағы респонденттердің жасы неғұрлым жас болса, олардың Орталық Азияға көзқарасы соғұрлым төмен екені анықталған. 

Авторлардың айтуынша, ескеретін тағы бір жайт – positive response bias деген ұғым. Яғни, аталған сұрақтарды қою барысында респонденттердің шындыққа жанаспайтын жауаптарды беру ықтималдығы. Сондықтан, респонденттердің нақты пікірін білу мақсатында авторлар сауалнамаға қатысушылардан олар үшін ең тату, жақын (дос) және жат елді атауын сұраған. 

Төмендегі диаграммада ең тату, жақын деп атаған Қазақстан және Өзбекстан азаматтарының үлесі:

Сонымен қатар, зерттеушілер қазақстандықтар мен өзбекстандықтардан жат және тату емес елдерді атауды да сұраған:

Көзге түсетін фактінің бірі – өзбекстандықтардың арасында белгілі бір мемлекеттерге деген симпатия мен антипатия үлесінің ұқсастығы. Яғни, Қазақстан өзбекстандықтар үшін ең тату және сонымен қатар ең жат елдердің көшін бастап тұр. 

Бұл сандар өзбек қоғамында «достар» жайлы ортақ пікірдің болмауына меңзейді дейді авторлар. Десек те, өзбекстандықтардың басым бөлігі Қазақстанды ең жақын мемлекет деп санайды. 

Қазақстандық респонденттерге келетін болсақ, олардың Орталық Азиядағы «достар» жайлы нақты қалыптасқан пікірі бар дейді зерттеушілер. Қазақстандықтардың басым бөлігі Қырғызстан мен Өзбекстанды ең жақын елдердің қатарына жатқызса, Тәжікстан мен Түрікменстан жайлы кері пікір ұстанатыны анықталған. 

Респонденттердің қандай да бір елді неліктен жат санайтынын одан әрі анықтау үшін жоба авторлары осындай таңдауды не себеппен жасағанын сұраған. Деректерге сәйкес, қазақстандықтардың 30%-ы саяси режим / үкіметті кінәласа, 20% -ы бұл мәселеде білімінің таяз екенін және 20%-ы біріктіретін ерекшеліктердің жоқтығын айткан. 

Сонымен қатар, өзбекстандықтардың 30%-ы шекарадағы шиеленістерді және шекарадан өтудің қиындығын айтса, әрбір төртіншісі – көршілер арасындағы шекаралардың тығыз болуы қиындықтар мен түсініспеушіліктерге әкеліп соғады деген. 

Мұндағы үлкен айырмашылық – қазақстандықтардың көршілермен шекара мәселесін толығымен шешкені, ал шекара мәселесі өзбекстандықтар үшін әлі де болса өзекті болуы. Мұнда тағы бір түйін жасауға болады: қазақстандықтар Орталық Азиядағы көптеген проблемалардан алшақ, себебі респонденттердің басым бөлігі ең жақын деп атаған елдер жайлы және олармен ортақ ерекшеліктер туралы хабары жоқ екенін айтқан. 

Ассоциация мәселесі. Респонденттерден Орталық Азияның қандай да бір елін атағанда ойына қандай ассоциациялар келетінін де сұраған болатын. Қазақстандықтар да, өзбекстандықтар да бірқатар жағымдылары және жағымсыздарын атаған. Қырғызстанды атағанда қазақстандықтар «дос мемлекет, ортақ тарих», географиялық орналасу, табиғат және климат, «экономика, нарықтық қатынастар, сауда саттық, арзан шикізат, жұмыссыздық сияқты бірнеше категорияларды атаған. Өз кезегінде, Өзбекстанды қазақстандық азаматтар үшін мәдени және ұлттық ерекшеліктермен, дәстүрлі киіммен, ұлттық тағаммен, дәстүрлермен және еңбекқорлықпен байланыстырады. Айта кетерлігі, жоғарыда аталған ассоциациялардан бөлек, Түрікменстан десе қазақстандықтардың ойына саяси мәселе келеді: «жабық мемлекет», «президенті ауыспайды», «авторитаризм». Осыған ұқсас пікірді Қырғызстанға қатысты өзбекстандықтар ұстанады екен: 35% респондент Қырғыз Республикасын саясат, саяси ахуал (мысалы, «тұрақсыз мемлекет / тұрақсыз жағдай», «демократия») сияқты категориялармен байланыстыратынын жеткізген.

Қазақстан жайлы өзбекстандықтардың пікірі анағұрлым жоғары екен. Өзбекстандықтардың ойынша, Қазақстан дамыған елдердің қатарында, экономикасы және білім саласы күшті мемлекет («байлық», «жұмыс», «өндіріс»). Сонымен қатар, Қазақстан дегенде ойға бірінші келетіні «территория көлемі, қалалар саны» екені анықталған. 

Серіктес жаңалықтары