$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.11.2021, 22:03
Қоғам

Тараздағы университетте ректор мен проректордың текетіресінен бүтін бір бөлім жабылғалы тұр

Жабылу алдында тұрған бөлімде 14 маман жұмыс істейді

Тараздағы университетте ректор мен проректордың текетіресінен бүтін бір бөлім жабылғалы тұр
Фото ашық дереккөзден

Тараз өңірлік университетінде ректор мен проректордың  арасынан жік шығып, тұтас бір бөлім жабылып қалудың аз алдында тұр. Жұмыссыз қаламыз ба деп алаңдағандар Білім және ғылым министрлігінен көмек сұрап отыр, деп хабарлайды Астана арнасы.

Бүтін бір бөлім таратылады дегенді естігелі, Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті қызметкерлерінен маза қашқан. Тәрбие ісі жөніндегі бөлімде 14 маман жұмыс істейді.  

Тәрбие ісі жөніндегі проректор қарамағындағылардың сөзін қоштай кетті. Ол жоғарғы оқу орнына жақында ғана келген ректордың жұмысын сынға алды. Айтуынша жаңа басшы университетке өз таныстарын әкеліп, енді менің орныма көз тігіп отыр дейді. Осы үшін де сотқа арыз түсіріп қойған.

 «Мүмкін ректор мені бұл қызметтен көргісі келмейтін шығар. Әлде менің орныма қатысты өз жоспарлары болуы мүмкін. Келгелі көп қызметкерлерді орнынан алып тастады. Бас есепші, шаруашылық жөніндегі орынбасары, бірнеше декандар кетті. Бұрын-соңды болмаған аппарат жетекшісі деген штат ашып, ол лауазымға курстасын отырғызып қойды»,- дейді Тараз өңірлік университетінің проректоры Альмара Наурызбекова.

 Ректор Талғат Ешенқұловтың университетке басшы болып келгеніне 3 жарым ай болған. Бұл дауға қатысты ол өз пікірін білдіріп, тігісін жатқызды. Тәрбие ісі жөніндегі бөлім жабылмайды, керісінше дамыту керекпіз деп ақталды. Ал орынбасарымның ізіме түсті деген шағымы мен таныстарын жұмысқа әкеп жатыр дегені жалған деп отыр.

 «Тәрбие ісі жөніндегі проректордың міндетін атқарушы азаматшамен ешқандай араздығым жоқ. Ол кісімен ешқандай дау-дамай туындаған емес. Осы уақытта біздің университеттің құрамында маған туыстық қатысы бар ешқандай кісі тағайындалған жоқ. Мұның бәрі жалған», - дейді Тараз өңірлік университетінің ректоры Талғат Ешенқұлов.

Ректор мәселенің неге ушығып кеткенін түсіндіре алмады. Бірақ қызметкерлеріне жалақы көтерілмейтінін нақтылады. Бүгінгі күні мұнда 18 мың студент білім алады. Мыңнан аса ұстаз қызмет етеді. Одан бөлек 800-ге жуық өзге қызметкері бар.

Серіктес жаңалықтары