Ақтөбе облысының әкімі Ақжар тұрғындарын алаңдатып отырған жарылғыш заттар сақтайтын қоймаға қатысты ойын айтты
Әкім тұрғындардың алаңдаушылығын түсініп отырғанын жеткізді
Ақтөбенің іргесінде орналасқан Ақжар аулының тұрғындары күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. Оған жарылғыш заттар сақтайтын қойманың ауылға тым жақын орналасуы себеп. Арыс пен Жамбылдағы жарылыс қайталана ма деп қорыққан жұртшылық қойманы басқа жаққа көшіруді талап еткен. Бұл сауалға бүгін облыс әкімі Оңдасын Оразалин брифинг барысында жауап берді.
“Бұл қойма бұрыннан бар. Биылғы жарылыстарға байланысты, біз халықтың бұл алаңдаушылығын түсінеміз. Қазіргі таңда мәселені түбегейлі зерттеп отырмыз. Себебі, мекеме сол қойманы салған уақытта ол жерде мүлдем тұрғын үйлер болмаған. Өкініштісі, көптеген өтініштерге байланысты тұрғын үй салуға рұқсат берілгесін осындай мәселе пайда болды. Шешу жолдарын жан-жақты зерттеп, қарастыруға тапсырма бердім. Түбінде тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Мәселеге байланысты бір шешім шығарылғаннан кейін хабарын береміз. Менің жеке бақылауымда болады”, – деді әкім.