$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.11.2021, 00:25
Қоғам

Жамбыл облысында әкімдік миллиондаған қаржы жұмсап еккен тал-теректер қурап жатыр

Экологтар әкімдік ақшаны желге шашты деп дабыл қағуда

Жамбыл облысында әкімдік миллиондаған қаржы жұмсап еккен тал-теректер қурап жатыр
Фото ашық дереккөзден

Жамбыл облысында әкімдік еккен тал-теректер қурап қалды, деп хабарлайды КТК арнасы. Ал оған жұмсалған қыруар қаражыға бас ауыртып жатқан ешкім жоқ. Шенділер бұталар кеуіп кетсе, орнына тағы да жас көшет отырғызамыз деп, міз бақпай отыр.

Қалаға кіреберіс аумақ абаттандырылып жасыл-желекке айналуға тиіс еді. Бірақ әзірге әкімдіктің ойлағаны болмай тұр. Бұл көрініске қарап көңілің құлазиды. Мәселен, бірнеше жыл бұрын отырғызылған ағаштар қазір тамырына дейін қурап кеткен.

  Жалпы аумағы 100 гектардан астам алқапқа қара ағаштар отырғызылып жасыл белдеу құрылуға тиіс еді. Бірақ бәрі керісінше болды. Абаттандырылады деген аумақ қоқыс төгетін орынға көбірек ұқсайды.  Көңілді күпті қылатын көрініс әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Экологтар да дабыл қағуда. Олар әкімдік ақшаны «желге шашты» деп есептейді. 

«Бұл жерде «Жасыл белдеу» жобасы туралы айтудың өзі ұят. Жылда егеді, солады, бітті. Неге себебін анықтап сараптама жасамайды? Облыс, қала билігі ағаш отырғызуға келгенде ақшаны желге шашумен айналысып жүр»,- дейді Табиғат құндылықтарын қорғау бойынша тәуелсіз сарапшы Рауф Сәбитов.

Жергілікті билік тек 30 гектар аумаққа 42 мыңға жуық көшет отырғызылғанын айтады. Қалғаны металлургия зауытына тиесілі дейді. Оны отырғызған да, қуратып алған да өздері екен. Әкімдікке қарайтын төңірекке қазынадан 22 миллион жұмсалған. Әрі шенділер кәсіпорын маңындағы ағаштардың қурап қалуы қалыпты жағдай деп санайды.

 Ал металлургия зауыты ағаштардың көктемей қалуы күтіп-баптаудың кем болуынан емес дейді. Сөздеріне сенсек, тал-дарақтардың қазіргі жағдайына жақын маңдағы екі зауыт кінәлі екен. Айтуларынша, кәсіпорындардан тараған улы қалдық ағаштарды солдырып тастаған.   

 

Серіктес жаңалықтары