«Полиция бопсалаумен айналысады»: Алматыда телефон сататын жігіттер тергеушілерден зәбір көргенін айтты

Тәркіленген телефондарды қайтарып алу үшін олар пара береді екен

Алматыда ұялы телефон сатумен айналысатын жеке кәсіпкерлер полиция тарапынан қысым және зәбір көріп жатқандарын айтып шағымданды деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. Олардың сөзінше, тәртіп сақшылары саудадағы ұялы телефондарды тартып алып, қайта бермеген. Қайтару үшін пара сұрайды дейді. Ал, қарсы шыққандарды соққыға жығатын көрінеді. Саудагерлердің сөзінше сақшылар кез келген уақытта келіп, өзі қалаған затын «тәркілеу» деген сылтаумен алып кете береді екен.

«Бізден үнемі ақша сұрайды, балағаттайды, ұрып-соғады. Сатудағы телефондарымызды жинап алып кетеді. Менен ғана емес, телефон сататын бүкіл жігіттерден алады. Біз ұсталған телефондарды да, жаңа телефондарды да сатамыз. Егер біз сатып алған ескі телефонның біреуі ұрланған болып шықса, онда барлық телефонды алып кетеді де, оны қайтару үшін ақша сұрайды. Осы Медеу аудандық полиция бөлімінің бастықтарынан бастап ақша сұрайды», - дейді жеке кәсіпкер Айбол Алдуханов.

Айбол 2014 жылдан бері ұялы телефон сатумен айналысады екен. 7 жылда полицейлер кәсіпкердің 30-ға жуық телефонын алып кетіпті.

«Нұрсұлтан, Ихтиер деген екі тергеушінің атын білем, қалған полицейлердің аты-жөнін білмеймін. Әр телефонның маркасына қарай оларға ақша береміз, кейде 50 мың, кейде 100 мың теңге. Оған қоса, бутик үшін аренда төлейміз, жеке кәсіпкер ретінде салық төлейміз. Жұмысымыз заңды», - дейді сатушы жігіт.

«Көк базардың» айналасында телефон сатып алып, оны қайта сатумен елу шақты жігіт айналысады. Айтуларынша, кейбірі ғимараттың ішінде арнайы орындарды жалға алып тұрғанмен, сауда болмағандықтан кейбірі сыртқа да шығып жұмыс істейді екен. Саудагер жігіттердің сөзінше, полицейлер апта сайын телефондарын алып кетеді. Құнды тауарды қайтару үшін 200 мың теңгеге дейін ақша сұрайтын көрінеді. Оны тауап бере алмаған жағдайда тауар да кері қайтпайды. 

«Мегатау сауда кешенінде телефон сатумен айналысам. Полиция қызметкерлерінен қысым көп көреміз. Олар тіптен iPhone 12 сынды қымбат телефондарды тартып алады да, оны қайтару үшін 100-200 мың теңге сұрайды. Ондай ақшаны бере алмаған соң әлі тауарларымыз амалсыз соларда қалады. Бізді бөлімшеге алып кетеді де, 3-4 сағат ұстап, түсініктеме алады. Ақыры әлгі телефондарды тастап қайтып кетеміз. Біз заңға қайшы әрекет істемейміз, құжаттарымыз бар. Ескі, жаңа телефондарды кімнен алсақ сол адамның құжаттарын береміз, алайда оларға бәрібір. Шын жоғалған телефондарды іздемейді. Қарсы сөз айтсақ, бөлімшеде таяқ жейміз. Қалай бұрмаласа да өздерінің қолында», - деді Серік Мейіржан есімді сатушы.

Алдуханов осыдан бір апта бұрын тергеушілерден зәбір көріп, соққыға жығылыпты. Миы шайқалып, мұрны мен құлағы сынған. Медициналық тексеру өтіп болған соң, ол екі полицейдің үсінен арыз жазыпты.

«Арыз тергеушілердің ұруы бойынша жазылды. Медеу ауданының полиция бөліміндегілер – парақор. Пара берсең істі шешіп кетуге болады, телефонды өзіңмен алып кете аласың, ақша бермесең заттарыңды алып қалады. Олар бізді әлі күнге дейін бопсалап келеді. 27 қазан күні түнде Медеу аудандық полиция бөлімшесінде жатқан танысыма тамақ апарып бердім. Туыстарының өтініші бойынша жағдайын, қамалу себебін білмек болдым. Ал, тергеушілер сол кезде ол жігіттің мәселесін шешу үшін ақылдасып, арақ ішті. Ақыры келісе алмай өзара төбелесті. Сыртқа алып шығып мені де ұрып-соқты. Қылмыстық іздеу бөлімінің бастығы Алмас және онымен бірге жұмыс істейтін екі тергеуші Нұрсұлтан мен Ихтиер өзара төбелесіп, соңында екі тергеуші мені жабылып ұрды. Олар танысымды шығару үшін менен пара сұрады. Көзімнің көруі нашарлаған, мұрным сынған, құлағым сынған. Ми шайқалған. Бұлар 2017 жылы жасамаған қылмысты маған іліп, 4 ай қамаудан жатқан соң кінәсіз екендігімді сотқа әрең дәлелдегем», - деді ол.

Ал, заңгерлерің сөзінше полицейлердің ұрланған телефондарды тауып, иесіне қайтаруы сирек. Сатушылардан кез келген затты тәркілеп алу үшін алдымен хаттама толтыру керек. Бірақ сақшылар қызметін асыра пайдаланып, құжат толтырмайды екен.

«Затты хаттама арқылы алу керек. Хаттамаға мөр басылу керек. Құжаттың бір данасы тауардың иесіне берілуі тиіс. Тәркіленген телефондарды олар өздері пайдаланып жүр деген күдік бар. Арыз жазсақ та, ешбір әрекет жоқ. Бұлар полиция атына кір келтіріп отыр», - дейді заңгер Камиша Есмұхамбетқызы.

Алматы қалалық полиция департаментінің дерегінше, сатушыны соққыға жыққан тергеушілердің үстінен қылмыстық іс қозғалған.

«Аталмыш оқиға бойынша «А» есімді азамат ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасына ресми арызын түсірген. Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодекстің 293-бабы бойынша іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізу үстінде. Қылмыстық іс аясында сот медициналық сараптама тағайындалды. Міндетті түрде процессуалдық шешім қабылдаатын болады», - деді ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.