Халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерді қолға түсірген ұландықтар марапатталды

Azattyq Rýhy

Оларға «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі берілді

Фото ашық дереккөзден

Ұлттық ұлан 5573 әскери бөлімінің қызметшілері халықаралық іздеуде болған аса қауіпті қылмыскерді ұстады. Олар  Ішкі істер министрінің бұйрығымен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.

Ведомство басшысының атынан марапатты жауынгерлерге Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Әлібек Серәлиев тапсырды, деп хабарлады ҚР Ұлттық Ұлан баспасөз қызметі.

23 қазан күні елорданың "Алматы" және "Байқоңыр" аудандарында орналасқан саябақта қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шыққан әскери жасақ бойынша кезекші лейтенант Айбек Слямхановқа полиция қызметкерлерінен халықаралық іздеуде жүрген 1992 жылғы А. есімді азаматтың сипаттамалары келеді.

«Ол Нұр-Сұлтан қаласының Президент саябағында жедел топтан жасырынып жүрген және өзімен бірге қаруы болған. Аталған сипаттаманы офицер патрульдік топ бастығы сержант Бекжан Дәулетбайға және жақын маңдағы әскери жасақтарға жібереді», - делінген хабарламада.

Сағат 16.30 шамасында әскери жасақ бастығы қатардағы Мирас Мұхтар және патрульшілер Ерсұлтан Ақжол мен Жандос Кенбай полициядан қашып бара жатқан адамды байқайды. Сарбаздар дереу сол жаққа ұмтылып, күдіктіні жекпе-жек ұрысының әдістері мен арнайы құралдарды пайдаланып қолға түсірген.

Белгілі болғандай, аталған азамат биыл шілде айынан ҚК 99-бабы бойынша "Адам өлтіру" және 287-бабы "Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" ісі бойынша халықаралық іздеуде болған.
 

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.