Қостанай облысында тұратын зейнеткер алты жыл бойы бір мезгілде екі елден зейнетақы алып келген
Ресей азаматтығын алған әйел Қазақстанда тұрады
Қостанай облысының Қарасу ауданында тұратын зейнеткер 16 жыл бұрын Ресей азаматтығын алған, бірақ Қазақстан аумағында тұрады. Бұрын зейнетақыны Ресейден алатын қарт әйел 2015 жылы қазақстандық зейнетақыны да ресімдеп алыпты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Көші-қон қызметінің қызметкерлері Ресей Федерациясының азаматшасын ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 496-бабы бойынша 100 АЕК көлемінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартты", - деп хабарлайды Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұл факті Қарасу ауданының Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімімен көші-қон қызметі қызметкерлерінің бірлескен жұмысы барысында анықталды. Енді зейнеткер қазынаға бес миллион теңге қайтарып, 300 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс. Әйел келтірілген залалды өтей бастады.