$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.11.2021, 02:04
Қоғам

Атыраулық шаруалардан мемлекеттен бөлінген субсидияны қайтаруды талап етуде

Биыл облыста 1 млрд 818 млн теңге субсидияның тек 185 млн теңгесі ғана игеріліпті

Атыраулық шаруалардан мемлекеттен бөлінген субсидияны қайтаруды талап етуде
Фото ашық дереккөзден

Фермерлердің бірі екі жыл бұрын жылыжай салуға, екіншісі азық-түлік сақтау қоймасына ақша алған. Кезінде тиісті қағазды рәсімдеген облыстың Ауыл шаруашылығы басқармасы қазір «құжат түгел емес» деген себеппен мемлекеттен бөлінген субсидияны кері қайтаруды талап ететін көрінеді, деп хабарлайды 24.kz арнасы.

Амалы құрыған шаруалар әділдік сұрап шарқ ұрып жүр. Кәсіпкер Әлімжан Балжігітов аумағы 2 гектар жылыжай кешенін іске қосқан. «Инвестициялық салымдардың шыққан шығыстардың бір бөлігін өтеу» бағдарламасы бойынша 2019 жылы 108 млн теңге субсидия алыпты. Енді Ауыл шаруашылығы басқармасы сол ақшаны қайтар деп әбігерге салып қойды, – дейді шарасыз шаруа.

Бауыржан Садықовтың басында да дәл осындай жағдай. Ол сыйымдылығы 8 мың тонналық көкөніс қоймасына қажетті тоңазытқыш жабдықтарын 135 мың теңгеге сатып алыпты. Басқарма соның 33 млн 500 мың теңгесін субсидиялапты. Енді прокуратура органдарының тексерісін алға тартып, қаржыны қазынаға қайтаруды талап етіп отырған көрінеді.

Тараптар «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының алаңында кездесті. Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар «субсидияны сараптама қорытындысымен заңды төлеп отырмыз» дейді.

Ал тексеріс жүргізген прокурор «заң бұзушылық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарынан кетті» деп ашық айтты. Субсидияны берер кезде шаруадан жобалық-сметалық құжаттар талап ету керек болған. Бірақ ол ескерілмеген.

Енді кәсіпкерлер қаражаттың қайда кеткенін құжаттар арқылы дәлелдеуі керек. Сонда ғана субсидияны қайтармауға болады. Қадағалаушы орган осындай шешім қабылдаған. Жалпы, прокурорлық тексерістер нәтижесінде осындай заңсыз төленген 92 млн теңге қазынаға қайтарылыпты. Оның зардабы қарапайым шаруаларға тиген. Себебі ала жаздай жасаған еңбек пен шығын күзде кері қайтпай қалатын жағдай жиілеп кеткен. Енді шаруалар субсидияға сенуден қалып отыр. Салдарынан биыл облыста инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін бөлінген 1 миллиард 818 млн теңге субсидияның тек 185 млн теңгесі ғана игеріліпті.


 

Серіктес жаңалықтары