Содырлар мен әнші, дәрігерлер мен шенеуніктер: 2019 жылдың атышулы сот істері

Қазір Қазақстанда 30 мыңнан аса азамат түрмеде жазасын өтеп жатыр

Содырлар мен әнші, дәрігерлер мен шенеуніктер: 2019 жылдың атышулы сот істері

2019 жылы қоғамды дүр сілкіндірген әрекеттерімен осы сотталғандардың қатарына қосылғандар кім? Судьяның рақымына ілініп, жазадан құтылғандар қазір қалай өмір сүріп жатыр? Аzattyq-ruhy жыл басынан бері халық назарын аударған сот отырыстарының хронологиясын ұсынады.

«ТАПСЫРЫС ПА, АЖАЛ МА?» ДЕНИС ТЕНДІ ӨЛТІРГЕНДЕР 18 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

Өте ауыр сот отырыстарының бірі жыл басында, дәлірек айтсақ, 17 қаңтарда Алматыда өтті. Бұл күні қолына кісен салынғандар 2018-дің жазында Олимпиаданың қола жүлдегері, әлем чемпионаттарының жеңімпазы Денис Тенді өлтірген. Олар – Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов және сыбайлас ретінде сотталған Жанар Тойлыбаева.

...2018 жылдың 19 шілдесінде Алматының қақ ортасында екі жігіт Денис Теннің көлігіндегі айналарды ұрламаққа әрекет етеді. Олардың сыбайласы – Жанар Тойлыбаева спортшыны күзетіп тұрып, ол жақындағанда әлгі екеуіне «қашыңдар» деп белгі беруі керек еді. Бірақ, сотта мәлім болғандай, Жанар Тойлыбаева Денисті байқамай қалған-мыс. Ақыры, ұрлықтың үстінен түскен, Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясов  Денистен қашу үшін аяғына пышақ сұғады. Пышақ басты күтетамырлардың бірін кескен соң, көп қан жоғалтқан Денис ауруханада көз жұмды.

Денистің анасы Оксана Тен болса, ұлының өлімі аяқасты ажалдан гөрі, тапсырыспен болған өлімге көп ұқсайды дейді. Тіпті, өзі тергеу жүргізіп, бұл істе басты фигурант Жанар Тойлыбаева екенін, ол Денистің өлімінің алдында ұзақ уақыт шетелдік нөмірлермен сөйлескенін, ал сол күні Денисті түскі асқа шақырған мейремхана иесі әрі Денистің кластасы Руслан Хайруллаев куәгер ретінде емес, күдікті ретінде сұралуы керек деген өз болжамын айтты.

Дегенмен, сот тек тергеудің нұсқасына ғана «сеніп», Арман мен Нұралыны 18 жылға, Жанар Тойлыбаеваны 4 жылға соттады. Жас баласы барына қарамастан, Жанар да, Арман мен Нұралы сияқты жазасын колонияда өтеп жатыр.

«ЖАЗЫҒЫМ НЕ, МЕН ӘЛІ ТҮСІНБЕДІМ...?!»

2019 жылдың қаңтарында қазақтың қыз ұзатып, келін түсіру тойларындағы «Келінге өсиет» атты хит-әннің орындаушысы Гаухар Әлімбекова алты жылға сотталып кете жаздады. Оның соты шоу-бизнесте де, халық арасында да назарға ілігіп, қолдауға ие болды.

Гаухар Әлімбековаға Қылмыстық кодекстің 190 бабы, яғни алаяқтық жасады деген айып тағылды. Әуел баста судья  Гаухар Әлімбекова Алматыдан үй алып беремін деп, әлдебір азаматтан 40 мың доллар алғаны, бірақ ақша берген адамдар не үйсіз, не ақшасыз қалғаны рас деген шешім шығарды. «Алты жылға сотталсын» деген үкімді естігенде, әнші өзі орындайтын әндегідей, «жазығым не?» деп, сот салында көз жасына ерік берген еді.  Үкімге сай, ол жазасын орташа қауіпті түрмеде өтеуі керек болды.

Дегенмен, судья оны үкім күшіне енгенше, 30 қаңтарда қолхатпен үйіне жіберді. Осы арада, аппелациялық сотқа дейін Гаухар Әлімбекованың адвокаты мен туыстары жаңа деректерді ұсына отырып, ақыры әнші ақталып шықты. Оның ақтау үкімін оқыған судья – Нұрғазы Әбдіханов.

Қазір Гаухар Әлімбекова аракідік сұхбат беріп, шығармашылығын тастамайтынын айтып жүр.

ТОҚАЕВ АРАША ТҮСКЕН ДӘРІГЕРЛЕР

Биыл жазда Алматы қалалық полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаевтың ұлы Нұрлан Күдебаев қайтыс болды. Квадроциклден құлаған марқұм ол апаттан аман қалып, ауруханаға өз аяғымен келсе де, Алматыдағы 4 қалалық ауруханада жасалған операциядан кейін оянбай,  ақыры Германияда жан тәсілім етті.

Оның комаға түсіп, есін жимастан өмірден озғанына күдікті ретінде аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев пен анестезиолог Асқар Тұңғышбаев тұтқындалды. Сот үкімі шықпай жатып, уақытша қамау изоляторының қызметкерлері дәрігерлердің шашын алған. Қанат Тезекбаевтың әйелі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашых хат жазған соң,  екі дәрігер тергеу аяқталғанша, қолхатпен үйлеріне шықты.

Ал, Ішкі істер министрінің арнайы бұйрығымен «уақытша қамау изоляторына түскен азаматтардың шашын алу» жөніндегі санитариялық норма жойылды. Анықталғанындай, неше жылдан бері кінәсі дәлелденбесе де, сотталғандар сияқты,  СИЗО-да шаш алмау – министрдің бір бұйрығына ғана байланып тұрған іс екен.

ЕКІ ҚОШҚАРДЫҢ БАСЫ БІР ҚАЗАНҒА СЫЙМАДЫ

Бірі – Бас прокуратура, екіншісі – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Бағдат Мәнізоров. Бір қарасаңыз, жергілікті атқарушы жүйенің басшылығындағы қызметкер. Облыс әкімі де емес, әкімнің орынбасары. Бірақ, екі дардай органды текетірестіріп кеткеніне қарағанда, ісінің мәні зор шенеунік болып шықты.

Айтпақшы, Мәнізоров үшін «жекпе-жекте» Бас прокуратура жеңіп шықты. Яғни, Алматы облысының әкімі Бағдат Мәнізоровты пара алды деген күдікпен ұстаған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері «дұрыс әрекет етпеген», Мәнізоровтың ісінен қозғалған істердің барлығы – негізсіз деп танылды. Қазір шенеунік бұрынғы қызметінде, әр жаққа сапарлатып тұрады.

2019 жылдың күзінде басталған осы атышулы істің бір ғана сұрағы қалды – жай ғана облыс әкімінің орынбасары құзырлы органдардың осындай назарына қалай қол жеткізді...?

«ЖУСАН» - СИРИЯНЫҢ ІЗІН ЖУЫП-ШАЯ АЛА МА?

Қазақстан Сирияда соғысқан қазақстандықтар мен олардың отбасыларын елге қайтару үшін «Жусан» атты операция өткізді. Осы операцияның арқасында Сириядан оралғандардың соты Нұр-Сұлтанда қазан айында басталды. Тепсе темір үзетін 14 қазақстандық азаматтың том-том қылмыстық істері желтоқсанда қаралып бітіп, олардың алды 10 жылға, арты 17 жылға сотталды.

Негізінен, олар Қылмыстық кодекстің 174 бабы  (әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру), 256-бабы (терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру),  257-бабы (террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу) және 313-баптары (қатыгездiк пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату) бойынша сотталды.

«ИНСТА-ИНТРИГА»: ӘЗІЛКЕШ ПЕН ЖУРНАЛИСТ ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІМЕН СОТТАСТЫ

Инстаграм әлеуметтік желісінде тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызының 2,6 млн оқырманы, журналист Бибігүл Дәулетбекқызының 174 мың оқырманы, әртіс Нұрболхан Шараповтың 56 мыңнан аса оқырманы бар. Міне, осы аудитория(лар) күз бойы үшеуінің арасындағы сотты бақылап, сотқа қатысты әр публикацияға аямай-ақ пікір қалдырып отырды.

Айтпақшы, инста-әлемді шулатқан осы сот отырысы сол әлеуметтік желідегі пікірден басталды емес пе!? Республикалық телеарнадағы бағдарламасына қазақ бойжеткенін шақырып, сексуалды сипатта әңгіме айтқаны үшін журналист Бибигүл Дәулетбекқызы мен әзілкеш Нұрболхан Шарапов Ләйлә Сұлтанқызынан бағдарламаны жабуын талап етті әрі оны «бүкіл қазақ аруларының намасын қор қылды» деп айыптады. Ләйлә Сұлтанқызы әріптесі Бибигүл мен әртіс Нұрболханды жеке басының намысына қол сұқты деп айыптап, сотқа берді.

Нұр-Сұлтан қаласында басталған сот отырыстарына біресе Ләйлә Сұлтанқызы, біресе, Бибигүл Дәулетбек, біресе, Нұрболхан Шараповтың өзі келмей, сот ары қарай Алматыда жалғасты. Жыл соңына таман, Ләйлә Сұлтанқызы жазған арызын кері қайтып алған соң, іс жабылды.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан 

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.