Ақтауда жұртты ерекше тәсілмен құттықтаған азаматқа айыппұл салынды
Полицейлер көлігін түрлі-түсті шамдармен безендіріп алған азаматқа 12 АЕК көлемінде айыппұл салыпты
Ақтаулық полиция қызметкерлері жұртты Жаңа жыл мерекесімен ерекше тәсіл арқылы құттықтап жүрген қала тұрғынына айыппұл салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy инАктау сайтына сілтеме жасап.
Ер адам өзінің Жаңа жыл алдындағы мерекелік көңіл-күйін білдіріп әрі жұрттың көңілін көтеру мақсатында көлігін түрлі-түсті жарық шамдарымен безендіріп алған екен.
«Көлігімді осылай безендіріп, қала көшелерімен жүріп өтсем, жұрттың бәрі маған риза көңілмен қарап, мәз болып қалады. Жүргізушілер көліктерінің сигналын басып, жаяу жүргіншілер суретке түсіріп жатады. Солай болғаны қайта жақсы емес пе? Мен адамдарға көтеріңкі көңіл күй сыйласам деймін», – деп түсіндіреді өзінің әрекетін көлік иесі.
Алайда, оның бұл ерекше әрекетін жұрттың бәрі оң қабылдағанымен, жол полицейлері жөн көрмеген екен.
«Мені жолда тоқтатып, құжаттарымды тексерген соң полиция қызметкері әлдекімге қоңырау шалды. Сірә, бастығы болса керек. «Осылай жүруге рұқсат етіле ме?» деген оның сұрағына арғы жақтағы дауыс «иә» деп жауап берсе керек, ол мені жібере салды. Ал кеше басқа бір жол полициясы тоқтатты да, көлігімнің артқы нөмірін шешіп алып, 12 АЕК (30 300 теңге) көлемінде айыппұл салып тастады. Егер айыппұлды жыл соңына дейін, яғни бір күнде төлеп үлгерсем, 6 АЕК қана төлейтінімді де ескертті. Бәлкім, сол сәтте олардың көңіл күйлері жоқ болды ма, кім білсін», – деп күледі Виталий.
Виталий өнеркәсіптік альпинист болып жұмыс істейді. Осы оқиғадан кейін оған әйелі мен қызы қолдау білдіріп, мерекелік көңіл күйін түсірмеуге тырысыпты.
«Әйелім маған қашанда қолдау білдіріп жүреді, осы жолы да «ештеңе етпейді» деп жымиып қана қойды. Ал қызым «Жаңа жыл жақындап қалды, полицейлердің онысы несі? Сен қайта адамдарға жақсы көңіл күй сыйлап жүр емессің бе?» деп қолдау білдірді. Әрине, мереке қарсаңында өзім де көңілімді түсірмей, ондай нәрсеге мән бермегенді жөн көрдім. Бәріңізді Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын!», – дейді Ақтау тұрғыны.