$ 504.34  556.34  5.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
31.12.2019, 13:39
Қоғам

2019 жыл: бес баланың өлімі, Арыстағы жарылыс, ұшақ апаты...

2019 жыл жеңіл болған жоқ, қазақ қоғамының қабырғасын қайыстырған, елді елеңдеткен оқыс оқиғалар аз болмады

2019 жыл: бес баланың өлімі, Арыстағы жарылыс, ұшақ апаты...
Фотоколлаж

Azattyq Rýhy тілшісі өтіп бара жатқан 2019 жылдың орны толмас өкініштеріне тоқталып, күтпеген қиындықтардың соңы немен аяқталғанын шолып шықты.

БЕС БАЛАНЫҢ ӨЛІМІ ҰЛТТЫҚ ҚАСІРЕТКЕ АЙНАЛДЫ

Ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында өрт шығып, бір үйдің 5 баласы бірде көз жұмды. Сарыарқа ауданындағы жер үйдің аумағында орналасқан «времянка» өртке оранып, салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016 және 2018 жылдары туған бес бала қаза тапты. Барлығы – қыздар. Шиеттей бала-шағасынан бір мезетте айрылған ата-ана түнде жұмысқа кетіп, аумағы 30 шаршы метр шығатын үйде өрт шыққан. Өрт түнгі сағат 2-лер шамасында басталып, үйдің төбесі жартылай құлап түскен. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар сағат 02:53 шамасында бес баланың мәйітін алып шықты. Балалардың анасы Жанымгүл Ситердің айтуынша, 13 жастағы үлкен қызы сағат 02:30-де қоңырау шалып, «Анашым, біз жанып жатырмыз» деген.

Бес баласы бірдей қаза тапқан Евгений мен Жанымгүлге халық болып қолдау көрсетіп, қиын сәтте көмегін берді. Балаларын қараусыз қалдырып, күнкөріс қамымен күні-түні жұмыс істейтін Ситер отбасының басына түскен ауыр жағдай басқа көп балалы отбасылардың да ашуын туғызып, оқыс оқиға ұлттық қасіретке айналды. Үкіметке қарсы наразылық күшейді, көп балалы аналардың талап-тілегі ашық айтыла бастады. Көп ұзамай, 21 ақпанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметті «халықтың жағдайын оңалтпады» деген себеппен отставкаға жіберді.

Бес баласынан қапияда айрылған Евгений мен Жанымгүл халықтың қолдауы арқылы елордадан 2 бөлмелі пәтер алды. Соңғы сұхбаттарының бірінде бала асырап алуды да жоспарлап жүргенін айтты.

АРЫСТАҒЫ ЖАРЫЛЫС

Елді елең еткізген оқиғалардың бірі – Арыстағы жарылыс. 24 маусым күні таңғы сағат 9 шамасында Арыстағы әскери қоймада жарылыс болып, кеңес кезінен бері сақталып келе жатқан алып қоймадағы снарядтар атылып, қаланың (Арыс қаласы – авт.) астаң-кестеңін шығарды. 3 адам оқиға орнында қаза тауып, жараланған 74 адам ауруханаға жеткізілді. Қаладағы 7600-ден астам ғимараттың 85% қирап, жарамсыз боп қалды. Алаңсыз жүрген халық абдырап қалып, бас ауған жаққа қашты. Жергілікті билік жаюлы базары жиылмай, қайнаған асы құйылмай, қазаны қараусыз, мал-дүниесі иесіз қалған жұртты эвакуациялай бастады. Әбігерге түсіп, жан сақтау үшін жан-жаққа қашқан халық тек бірнеше тәулік өткен соң жақындарымен қауышты. 13 мың адам арнайы қоныстандыру орындарына жайғастырылды.

Арыс қаласы маңындағы 2700 гектар аумақты алып жатқан әскери бөлімде оқ-дәрі сақталған 89 қойма бар екені анықталды. Қоймадағы қару 150 мың шаршы метрді алып жатса, жарылыстан кейін снарядтардың 70%-ы жойылғаны жарияланды. Қаланы төрт күн тоқтаусыз тінтіген 400-ден аса сапер көшеден ондаған мың снаряд жинап алды.

«Бір айдың ішінде біз қаланы түгел қалпына келтіруіміз керек», – деді сол сәтте Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, сондай-ақ бүлінген үйлерді бүтіндеп, қаланы қалпына келтіру үшін 20 миллиард теңге қажет екенін мәлімдеді.

Сол күні оқиға орнына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барып, халықты сабырға шақырып, қажетті көмектің бәрі берілетінін айтты. Еліміздегі облыстар мен мегаполис басшыларына, Үкіметке астаң-кестеңі шыққан Арысты қалпына келтіруді тапсырды. Нәтижесінде қаланы 17 секторға бөліп, Арыс асарына барлығы кірісті. Бұл жағдай қарапайым халықтың да назарынан тыс қалмады. Үйсіз, күйсіз қалған арыстықтарға ішерге ас, киерге киім деп республиканың түкпір-түкпірінен көмек берілді. Қаржылай да қолдау көрсетті. Күллі Қазақстан жұрты Арыс жұрты үшін бірікті.

Арыс оқиғасынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы Қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәкен Жасұзақовты қару-жарақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін кінәлап, осы салада 40 жылға жуық қызмет еткен Жасұзақов Қарулы күштер қатарынан біржолата шеттетілді. Ал, қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа Арыстағы жарылысқа байланысты қатаң сөгіс жариялады.

Жақында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мемлекет басшысының қабылдауында болып, Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары толықтай аяқталғанын баяндады.

ШАМАЛҒАНДАҒЫ АПАТ

15 қыркүйекте Алматы маңындағы Шамалған стансасында жүйткіген пойыз кептелісте тұрған автобусты соғып, оқиға орнында 40 жастағы автобус жүргізушісі мерт болды. №43 «Алматы-Қостанай» жолаушылар пойызы темір жолға шығып кеткен №456 «Алматы - Шамалған» бағытында жүретін «Сетра» маркалы автобусты қаққаны анықталды. Жолаушылар пойызы қаққан автобуста жараланған жолаушылардың аты-жөндері белгілі болды. Жол апатынан 9 адам әртүрлі деңгейде жарақат алған. Зардап шеккен тоғыз адамның үшеуі 3 және 5 жастағы балалар мен олардың анасы болатын.

Жарты айдан аса уақыт ес-түссіз комада жатқан 5 және 3 жастағы екі қызға бірнеше рет операция жасалып, жақында анасымен бірге үйлеріне оралды. Ал, қаза тапқан автобус жүргізушісінің артында кәмелеттік жасқа толмаған төрт баласы мен жесір әйелі қалды.

Шамалған стансасындағы ірі жол көлік оқиғасынан кейін тұрғындар облыс әкімдігіне «теміржол өткелінің орнына көпір салу керек» деген талап қойды.

Тұрғындардың талабы ескеріліп, жаңа көпір салынатын болды. Алайда, жаңа көпір ел арасында «қанды өткел» аталып кеткен апат жиі болатын орында емес, Шамалған мен Екпінді елді мекендерінің арасындағы учаскіде салынады. Бүгінгі таңда жобалау шаралары басталып, көпірді салатын мердігер компания да анықталған. Құрылыс жұмыстары осы жылдың желтоқсан айында басталып, ұзындығы 330 метрді құрайтын эстакада түріндегі жолайрық 2020 жылдың соңында пайдалануға берілмек екен.

ҰШАҚ АПАТЫ: ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ АЗА ТҰТУ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Оған себеп – 27 желтоқсан күні Алматы қаласы маңында болған ұшақ апаты. Bek Air әуе компаниясына тиесілі Fokker-100 ұшағы Алматы-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша жолға шығып, көп ұзамай апатқа ұшырады. Бортта бас-аяғы 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Сондай-ақ апат болған ұшақ бортында шетелдік азаматтар да болған. Атап айтқанда, Украинаның 2 азаматы, Қырғызстаннан 1 азамат және 1 Қытай азаматы бар. Қалғандарының бәрі Қазақстан азаматтары.

Ішкі істер министрлігі ұшақ апатынан 12 адам қаза тапқанын, зардап шеккен 49 адам Алматыдағы медициналық мекемелерге ұшақ апатынан жеткізілді, 18 адамның жағдайы ауыр екенін айтты.

Сол күні Президент Тоқаев ұшақ апатына байланысты шұғыл кеңес өткізіп, Қазақстандағы барлық әуе компанияларды тексеруді тапсырды. Сондай-ақ қаза болған азаматтардың отбасыларына 4 миллион теңге көлемінде материалдық көмек, зардап шеккендердің барлығына қажетті көмек берілетінін айтты. 28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған Президент еліміздегі мемлекеттік туларды төмен түсіруге және барлық ойын-сауық шараларын тоқтатуға тапсырма берді.

«Amanat» сақтандыру компаниясының басшысы Ерғали Бегімбетов ұшақ апатынан зардап шеккендерге қанша өтемақы төленетінін жеткізді.

«ҚР «Жолаушылар алдындағы тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтанудыру туралы» заңына сәйкес, денсаулығына зақым келген жолаушылар, сондай-ақ, қаза тапқан жолаушылардың қамқорлығында болып келген жапа шегуші тұлғалар сақтандыру төлемдерін ала алады. Оның ішінде, жарақат алған, мертігіп қалған, денсаулығына басқа да зиян келген жолаушылар емге кеткен нақты шығын көлемі бойынша 200 АЕК-ке дейін (505 000 тг) өтемақы алады. Егер ұшақ апаты салдарынан мүгедек болып қалса, мүгедектік тобына қарай 2 500 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейін (6 312 000-12 625 000 тг) өтемақы төленеді», – деп атап өтті Ерғали Бегімбетов.

Ұшақ апатына қатысты Үкіметтік арнайы комиссия құрылып, ұшақ апатына байланысты тергеу қорытындысы 10 қаңтарға дейін жарияланады.

ҚОРЫҚШЫЛАРДЫҢ ӨЛІМІ

Биыл браконьерлердің қолынан екі қорықшы бақилық болды. 23 шілде күні Ақмола облысында  «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторы Қаныш Нұртазинов браконьерлердің  қолынан қаза тапты. 43 жастағы Қаныш киік аулаған қылмыскерлердің оғынан опат болды. Ал, оның қасындағы серігі Самат Оспанов ауыр отадан соң ғана аман қалды. 23 шілдеде шамамен түскі сағат 11-де қорықшылар Ақмола облысының Жарқайың ауданы аумағында киік аулап жүрген браконьерлерді қуған. Кейін «Нива» көлігінде отырғандар қорықшыларға оқ атқан. Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Қоскөл ауылында тұратын Қаныш Нұртазиновтың артында әйелі мен төрт баласы қалды. Бұл елде бірінші рет болып отырған жағдай емес. Осы жылдың қаңтарында тағы бір қорықшы Ерлан Нұрғалиев браконьерлер қолынан мерт болған еді. Қымбат көлікпен аң аулаға шыққандардың жолын кеспек болған инспекторларды бір топ барконьер жабылып, соққыға жыққан. 13 қаңтарда ауыр жарақат алған Нұрғалиев бір тәуліктен соң есін жия алмай, бақилық болды. Екі қорықшының өлімі Үкіметтің заңды қайта қарап, қабылдауына түрткі болды. 

ҚЫТАЙ ШЕКАРАСЫН ЗАҢСЫЗ КЕСІП ӨТКЕН ЕКІ ҚАЗАҚ ЖІГІТІ

10 қазанда Қытай шекарасын заңсыз кесіп өткен екі қазақ жігіті Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы Қазақстан билігінен араша сұрап, Алматыдағы «Атажұрт» еріктілер тобының қатарына қосылды. 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы «саяси лагерьде қамауда болғанын», ал Мұрагер Әлімұлы Қытайда «қысым көргенін» мәлімдеп, биліктен өздерін тарихи отанында қалдыруды сұрады. Тіпті, екеуі АҚШ-тың Алматыдағы бас консулдығына да барып, өтініштерін айтты. Босқын мәртебесін сұраған екі қазақ жігітін құқық қорғау органдары ұстап, ШҚО полиция департаментінің тергеу изоляторына апарып қамады. 30 қазан күні Қастер мен Мұрагердің үстінен шекараны заңсыз өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов этникалық екі қазақ жігітінің соты Қылмыстық кодекстің 392 бабы бойынша, «мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен» бабына ғана қатысты өтетінін, оларға басқа айып тағылмағанын айтты. Қастер мен Мұрагерге қатысты нақты шешім әлі айтылған жоқ.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары