$ 539.06  623.75  6.63
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Маңғыстау облысында «Caspi Bitum» зауытынан арматура ұрлаған жұмысшылар сотталып кетті

Кәсіпорынға келтірілген жалпы залал 440 мың теңгеден асқан

Маңғыстау облысында «Caspi Bitum» зауытынан арматура ұрлаған жұмысшылар сотталып кетті
Фото: caspibitum.kz

Ақтау соты кәсіпорын аумағынан бірнеше ай бойы металл бөлшектерін ұрлап келген «Caspi Bitum» зауытының бұрынғы екі қызметкеріне үкім шығарды. Олар зауыттан арматура мен фитингтерді ұрлап, кейін оларды металл қабылдау пунктіне өткізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Сот материалдарына сәйкес, аталған қылмыстар биыл қаңтардан шілдеге дейін жасалған. Түнгі ауысымда жұмыс істеген айыпталушылар алдын ала сөз байласып, қойма үй-жайынан бөлшектерді жасырын шығарып отырған. Металды қызметтік «Нива» автокөлігімен тасымалдап, кейін жүк көліктерінің жүргізушілері мен металл қабылдаушылар арқылы сатқан. Кәсіпорынға келтірілген жалпы залал 440 мың теңгеден асқан.

Ұрлық фактілері анықталғаннан кейін зауыт әкімшілігі полицияға жүгінген. Тергеу барысында сотталушылар кінәларын мойындап, келтірілген залалды толық өтеген және өкінген. Кәсіпорын өкілі сотта айыпталушыларға ешқандай шағымы жоқ екенін мәлімдеген.

Сот айыпталушылардың әрекетін Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігінің 3-тармағына сәйкес («Бір топ адамның алдын ала сөз байласуымен, үй-жайға заңсыз кіріп жасалған ұрлық») саралады.

Жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сот әрқайсысына екі жылға бостандығын шектеу жазасын тағайындап, пробациялық бақылау белгіледі. Сонымен қатар, олар жыл сайын 100 сағат қоғамдық жұмыс атқаруға, тұрғылықты және жұмыс орнын соттың хабарынсыз өзгертпеуге, ойын-сауық орындарына бармауға міндеттелді және Жәбірленушілерге өтемақы қорына әрқайсысы 78 640 теңге төлеуі тиіс.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары