Қарағанды облысында полиция қалааралық такси жүргізушілеріне шүйлікті
Жүргізуші куәлігінен айырылған ер адамдар анықталды

Қарағанды облысында полиция қызметкерлері қалааралық такси жүргізушілерінің заңсыз іс-әрекеттерін әшкереледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Рейд барысында анықталған заңбұзушылықтар
Шара кезінде патрульдік полиция қызметкерлері бірнеше заңбұзушылықты тіркеді.
Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті бағытымен жүріп келе жатқан Toyota Estima көлігінің жүргізушісі жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, жолаушы тасымалдаумен айналысқан.
Астана – Қарағанды – Алматы тасжолында тағы бір куәліктен айырылған Toyota Alphard жүргізушісі ұсталды.
Ал Mercedes Sprinter көлігінің иесі автокөліктегі отырғыштарды ұйықтайтын орындарға айналдырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Барлық жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, көліктер айып тұрағына қойылды.
Полиция департаментінің мәлімдемесі
Қарағанды облыстық полиция департаменті жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заңсыз жолаушы тасымалына тосқауыл қою бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасатынын хабарлады.
«Мұндай рейдтердің басты мақсаты – жолаушылардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ көлік тәртібін сақтау мәдениетін қалыптастыру», – дейді полиция өкілдері.