СҚО-да бруцеллез сырттан әкелінген малдан тараған
Өткен жылы құс тұмауы өңірдің 12 ауданында тіркеліп, 1,5 млн-ға жуық қанатты қырылған болатын
Солтүстік Қазақстан облысында бруцеллездің таралуын анықтау мақсатнда зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде ауру сырттан әкелінген малдан тарағаны анықталды. Қазір жұқпалы дерт бойынша «қауіпті аймақ» деп танылған 6 ауыл бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Солтүстік Қазақстанда жыл басынан бруцеллезге шалдыққан 400-ден астам ірі-қара тіркелген. Ауру малдың барлығы сойылды. Иелеріне өтемақы төленуде. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе төмен. Дегенмен, жұқпа бойынша қауіпті аймақ деп танылған 6 елдімекен бар. Өңірде бруцеллез ауруыны таралуының негізгі себептері облыстық әкімдікте өткен жиында айтылды.
«Кей аудандарда бруцеллезге шалдыққан мал саны көбейді. Қызылжар ауданында – 99, Есілде – 89, Шал ақында – 26. Әрбір жағдай бойынша зерттеу жүргізілді. Жұқпаның таралуының негізгі себебі – малды ветеринариялық қызметтің рұқсатынсыз тасымалдау. Мәселен, мамыр айында Айыртау ауданына Маңғыстаудан әкелінген 410 сиырдың 35-нен бруцеллез анықталды. 23-нің сараптамасы күмәнді болды. Олардың барлығы сойылды», - дейді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Биыл өңірде сібір жарасының бір жағдайы тіркелді. Аурудың одан әрі таралуына тосқауыл қою мақсатында тиісті шаралар жүзеге асырылды.
«Ақжар ауданының Горьковское елдімекеніндегі «АҚ-Ниет Агро» серіктестігінің иелігіндегі қара малдан сібір жарасы анықталды. Шаруашылық пен жергілікті тұрғындарға шығын келген жоқ. Құс тұмауына келер болсақ, М.Жұмабаев ауданының Лебяжье елдімекенінде үй құстары өлді. Мұнда карантин жарияланып, 71 аулада залалсыздандыру жүргізілді. Жойылған 2118 құс үшін иелеріне өтемақы төленеді», - дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.
Өткен жылы құс тұмауы өңірдің 12 ауданында тіркеліп, 1,5 млн-ға жуық қанатты қырылған болатын.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО