Алматы облысында 2 млрд теңгеге салынған мектеп қирай бастады

Аудан әкімі мектеп мәселесін өз бақылауына алды

Алматы облысында 2 млрд теңгеге салынған мектеп қирай бастады

Алматы облысы Талғар ауданы Дәулет ауылында қыруар қаржыға салынған жаңа мектептің қабырғасы жарылып, төбесінен су кеткен. Жергіліктің халықтың айтуынша, мектептің құрылысына 1 млрд 900 млн теңге көлемінде ақша жұмсалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желіге тараған видеожазбада мектептің ішкі құрылысы көрсетілген. Онда жұмысшылардың қабырғаларды қалпына келтіріп жатқаны көрінеді. Алайда енді ғана сыланған тұстары қайтадан жарылып, сапасыз құрылыс сыр беріп жатыр.

Белгілі болғандай, Дәулет ауылында орналасқан №11 орта мекте 2019 жылдың тамыз айында салынып, қабылдау комиссиясының шешімімен пайдалануға берілген. Алайда өткен жылдың қаңтар айында жерасты суының деңгейі көтеріліп, салдарынан бірінші қабаттағы қабырғалар жарыла бастаған. Бұл ретте құрылыс компаниясының топырақты зерттеу жұмыстарын дұрыс жүргізбегендігі жөнінде болжам бар. Ал комиссия мүшелері мұндай олқылыққа мән бермеген сыңайлы.

«Жоба авторы «Нұр Құрылыс-80» ЖШС құрылыс басталғанға дейін топыраққа геологиялық зерттеу жүргізуі тиіс болатын. Жобалау кезінде мамандар «5 метр тереңдікте жерасты суы жоқ» деп көрсетті. Ал іс жүзінде жер асты суы жер деңгейінен 0,7 м-ге көтерілген. Талғар ауданы әкімдігінің құрылыс бөлімі жобалық ұйымды сотқа берді. Ақауды анықтағаннан кейін «Еламан» ЖШС мердігерлік компаниясы бірден жұмысқа кірісті. Себебі кепілдік мерзімі 2 жыл», - делінген аудандық әкімдіктің берген жауабында.

Сондай-ақ, жерігілікті әкімдік бұл кадрлар 2020 жылы түсірілгенін айтты. Бүгінде бұл мәселе әкімнің жеке бақылауына алынғаны хабарланды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.