Апаттан зардап шеккендерге қанша өтемақы төленетіні белгілі болды
Зардап шеккендерге қанша өтемақы төленетініне қатысты Amanat сақтандыру компаниясының басшысы мәлімдеме жасады
Алматы түбінде болған ұшақ апатынан зардап шеккендерге қанша өтемақы төленетініне қатысты Amanat сақтандыру компаниясының басшысы Ерғали Бегімбетов мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
27 желтоқсан күні Алматы облысында апатқа ұшыраған «Бек Эйр» АҚ компаниясының UP-F1007 нөмірлі Fokker-100 ұшағына отырған жолаушылар алдында жауап беретін әуе тасымалдаушысы Amanat компаниясында сақтандырылғанын айта кету керек.
Amanat компаниясы басшысының айтуынша, сақтандыру төлемдері «Бек Эйр» АҚ-нан және зардап шегушілерден заңды құжаттар қабылданған күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде төленбек.
«ҚР «Жолаушылар алдындағы тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтанудыру туралы» заңына сәйкес, денсаулығына зақым келген жолаушылар, сондай-ақ, қаза тапқан жолаушылардың қамқорлығында болып келген жапа шегуші тұлғалар сақтандыру төлемдерін ала алады. Оның ішінде, жарақат алған, мертігіп қалған, денсаулығына басқа да зиян келген жолаушылар емге кеткен нақты шығын көлемі бойынша 200 АЕК-ке дейін (505 000 тг) өтемақы алады.
Егер ұшақ апаты салдарынан мүгедек болып қалса, мүгедектік тобына қарай 2 500 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейін (6 312 000-12 625 000 тг) өтемақы төленеді», – деп атап өтті Е. Бегімбетов.
Ал жолаушының өлімі үшін 5 000 АЕК (12 625 000 тг) көлемінде өтемақы төленетін болды. Сондай-ақ, қаза тапқан жолаушыны жерлеуге кеткен шығындар жерлеуді мойнына алған тұлғаға 100 АЕК көлемінде қайтарып берілмек.
Сонымен қатар, әрбір зардап шегушіге келген шығын үшін 250 АЕК көлемінде өтемақы төлеу қарастырылып отыр.
Amanat басшысы сақтандыру төлемінің сомасы қазіргі АЕК көлемі бойынша көрсетілгенін, ал 2020 жылы өтемақы сол уақытта белгіленген АЕК көлемі бойынша берілетінін айтып өтті.