ШұғылҚазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті

Ұшақ апаты: жас жігіт жүкті әйелді кеудесімен жауып құтқарып қалған

Ақышева Гүлім атты келіншектің туыстары апат кезінде оны Темірлан Қадауов деген азаматтың құтқарып қалғаны туралы жазба қалдырған

Фото: ашық дереккөзден

Алматы түбінде апатқа ұшыраған ұшақтағы жүкті әйелді аман алып қалған жас жігіттің аты-жөні белгілі болды, деп жазады Azattyq Rýhy тілшісі.

Ақышева Гүлім атты келіншектің туыстары апат кезінде оны Темірлан Қадауов деген азаматтың аман алып қалғаны туралы Инстаграм желісінде жариялап, зор алғыстарын білдірген екен. Ал ол жазбаны Әсем Жапишева атты Facebook қолданушысы өз парақшасында бөліскен соң, жас жігіттің ерлігі туралы жазба бірден бүкіл желіні шарлап кетті.

«Bek Air» әуе компаниясының ұшағына отырып, Нұр-Сұлтан – Алматы бағытымен жолға шыққан Темірлан Қадауов атты азамат ұшақ апатқа ұшыраған сәтте жанында отырған жүкті келіншекті кеудесімен жауып, соққыдан аман алып қалыпты. Кейін естерін жиған сәтте келіншекті қалқалап сыртқа алып шыққан жігіт қайтадан апат болған жерге жүгіріп барып, ұшақ ішінде қалған өзге жолаушыларды құтқаруға көмектесіпті.   

«Еліміз өз батырларын білуі тиіс. Қадауов Темірланның жанында менің қызым, жүктілік мерзімі бес айдан асып қалған Гүлім Ақышева отырған. Темірлан ұшақ құлаған сәтте оны денесімен жауып, соққыдан аман алып қалыпты. Апаттан соң қызымды қауіпсіз жерге шығарған Темірлан артынша басқа жолаушыларды да құтқаруға көмектескен. Темірлан алған жарақаттарына қарамастан, өзгелерді құтқаруға ұмтылған нағыз ержүрек батыр екен. Біз, Гүлімнің туыстары Темірланға және оның осындай тамаша ұл тәрбиелеген ата-анасына зор алғысымызды білдіргіміз келеді», - деген жазба қалдырыпты келіншектің туыстары.

Жазба астына мыңдаған пікір қалдырған желі қолданушылары Темірланды нағыз қаһарман батырға теңеп, өз ризашылықтарын білдіріп жатыр.