Астанадағы «Астықжан» сауда орталығына қасақана өрт қойылған болуы мүмкін

Мүлкі жанып кеткен кәсіпкерлер осылай дейді

Елордада «Астықжан» сауда орталығындағы өрт қасақана қойылған болуы мүмкін деп хабарлады «Астана» телеарнасы. Бүкіл тауары-жиһаздары мен кілемдері күлге айналған кәсіпкерлер осылай дейді. Енді олар шығын ақысын кімнен талап етерін білмей дал.

«Астықжан» сауда үйі ғимаратының тең жартысы өртеніп кеткен. Кәсіпкерлер шығынға баттық деп шырылдап отыр. Барлық тауар күлге айналыпты. «Бұл әдейі ұйымдастырылған» дейді олар.

«Астықжан сауда үйінде 1300 шаршы метрде жиһаз сататын едік. Қазір оның бәрі күлге айналды. Қорқынышты түс сияқты. Экспертиза тоқтың қысқа тұйықталуы деп шығаратын болса, ол мүмкін емес. Жарты сағаттың ішінде 7000 мың шаршы метр өртеніп кетуі мүмкін емес», - дейді кәсіпкер Жәнібек Болатбекұлы.

Жоғарғы үш қабатты жалға алып, кәсіпкерлерге берген компания өкілінің де пікірі осыған саяды. «Өрт электр сымдарының тұйықталуынан тұтануы мүмкін емес» дейді ол да.

«Өрттің салдарынан 130-ға жуық жалға алушы жұмыссыз қалды. Жусан банк қызметкерлері есіктердің барлық құлыптарын ауыстырды. Жұмыс істеуге мүмкіндік берген жоқ. Біз жағдайдың алдын-ала алмадық. Өрт болды. Бұл тоқтың тұйықталуы емес, әдейі жасалған дүние», - дейді «Меридиан НС»  ЖШС компаниясының басқарушы директоры Өмірзақ Назымбекұлы.

Шығын көлемін анықтау үшін әкімдік пен сауда үйінің өкілдерінен құрылған жедел штаб жұмыс істеуде. Оттың неден тұтанғаны туралы әзірге нақты ақпарат жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.