Еліміздегі ең үлкен ту төмен түсірілді
Алматы маңындағы әуе апатынан қаза тапқан отандастарымызды аза тұту белгісі ретінде еліміздегі ең үлкен ту түсірілді
Алматы маңындағы әуе апатынан қаза тапқан отандастарымызды аза тұту белгісі ретінде еліміздегі ең үлкен ту түсірілді. Төмен түсірілген тудың суретін Facebook желісінде Жарқын Түсіпбекұлы жариялады.
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік туы елордадағы «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде орнатылған. 15х30 метрлік бұл ту көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орынды алады. 111 метр биіктікке көтерілетін туды Нұр-Сұлтан қаласының кез келген нүктесінен көруге болады.
Айта кетсек, Алматы маңында апатқа ұшыраған ұшақтағы қазақстандықтардың қаза болуына байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 28 желтоқсанды қаралы күн деп жариялағандықтан, бүгін еліміздегі барлық мемлекеттік мекемелерде тулар төмен түсіріліп, мерекелік кештер мен ойын-сауық бағдарламалары кейінге шегерілді.
Еске салсақ, 27 желтоқсан күні таңғы сағат 07:22-де Алматы-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша ұшқан «Бэк эйр» әуекомпаниясының №Z2100 рейстегі Fokker-100 ұшағы бетон ғимаратқа соғылып, апатқа ұшыраған болатын. Ішкі істер министрлігі қаза тапқан 12 адамның аты-жөнін жариялады.