$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.09.2021, 17:50
Қоғам

Қазақстан балық өсіруден Өзбекстаннан артта қалып тұр – Ерлан Сайыров

Депутат аталған мәселені Мәжілісте көтерді

Қазақстан балық өсіруден Өзбекстаннан артта қалып тұр – Ерлан Сайыров

Депутат Ерлан Сайыров бүгінгі Мәжіліс отырысында Қазақстанның балық шаруашылығындағы проблемаларды көтеріп, Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады.

Оның айтуынша, қазақстандықтар балықты нормадан 4 есе аз тұтынады.

«Құрметті Роман Васильевич! Еліміздің балық шаруашылығында қордаланып қалған мәселе өте көп. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Қазақстанның балық өнеркәсібін толыққанды дамыту мәселесіне нақты назар аударған. Әзірге Қазақстан Үкіметі еліміздің балық саласына тиісті көңіл бөлмей келеді! Қазақстан халқы жан басына шаққанда балықты аз тұтынатын ел қатарына жатады. Мәселен, егер Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы бір адамға жылына кемінде 16 кг балық өнімін тұтынуды ұсынса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 кг-нан аз. Өз кезегінде көрші Ресей мен Қытайда бір адам тиісінше 20-40 кг балық етін тұтынады. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары Қазақстанда балық аулау көлемі жылына 100 мың тоннаға дейін жеткен. Бүгінде балық аулау 46 мың тонна көлемін әрең еңсереді. Табиғи су қоймаларындағы балық қорларын пайдаланудың өз шегі бар, ал көптеген су айдындарында балық ресурстарының төмендеуі байқалады», - деді депутат.

Сайыровтың сөзінше, балық өнеркәсібін ұлғайтудың перспективалы бағытының бірі – су қоймаларын балық аулаудан балық өсіруге қайта бағдарлау болып табылады. Қазақстанның балық өнеркәсібі бүгінде су ресурстары тапшы көршілес Өзбекстаннан артта қалып тұр.

«Өзбекстанда 2016 жылғы статистика бойынша 75 мың тонна балық қолдан өсірілді. Қазақстан бүгінгі күні бар жоғы 6,8 мың тонна балық өсірілді. 2020 жылы жалпы Өзбекстан 144 мың тонна балық өсіріп және аулаған, ал біздің елде бұл көрсеткіш 52,7 мың тонна. Қолда бар су ресурстарын ескере отырып, Қазақстанда балық өсіру көлемін 600 мың тоннаға дейін жеткізуге әлеует бар, экспорт көлемін 10 есеге арттыруға болады. Бұл кемінде 50 мың қосымша жұмыс орындарын құруға және әсіресе ауылдық жерлерде халықтың табысын арттыруға ықпал ететін болады. «Nur Otan» партиясы бұл салаға баса назар аудару керек деп санайды», - деді Ерлан Сайыров.

Депутат аталған мәселені шешудің бірнеше механизімін ұсынып отыр. Олардың қатарында су ресурстарын молықтыру, балық өсіруге кәсіби баулу және экожүйелерге қатысты жұмыстар қамтылған.

  • Су биологиялық ресурстарды зерделеу, сақтау және молықтыру жөніндегі ғылыми - зерттеу жұмыстарын қолдау шараларын әзірлеу.
  • Тауарлы балық өсіруді қолдау, аквамәдениет пен балық өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың қаржылық қолдау құралдарын (құрал-жабдықтар, құрылысқа жеңілдікті кредиттер және айналым қаражатына, субсидиялар мен преференциялар) көздеу.
  • Судың нақты шығыстарына ғана ақы төлеуді көздей отырып, балық шаруашылығы субъектілерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақысын қысқарту. Төлем ставкаларын төмендетуді қоса алғанда, балық ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем механизмін жетілдіру.
  • Балық өсіруге кәсіптік оқытудың мемлекеттік жүйесін құру. Адамдарға балық өсірудің заманауи әдістерін үйрету.
  • Қайта өңдеуге тапсырылған балық пен уылдырықтың әрбір килограмы үшін (отандық өндірушіден) тауарлық субсидиялар көздеу.
  • Отандық балық өнімдерін экспорттаушыларға жүйелі қолдау құралдары мен преференциялар қолдану.
  • Балық өсіру жүйесіне қатысатын су объектілері мен экожүйелерді қорғау жөніндегі жұмысты күшейту.
Серіктес жаңалықтары