Маңғыстаудағы қуаңшылық: қайырымдылық қорына жиналған қаражаттың есебі берілді

Қайырымдылық қорына барлығы 43 млн теңге жиналған

көрнекі фото

9 тамызда Маңғыстау облысында қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық қор ашылды. «Казимпекс-Ақтау» қорына ауыл шаруашылығы министрлігі мен Маңғыстау облысы әкімдігінің қызметкерлері, сондай-ақ  еліміздің жанашыр азаматтары ақша аударды, деп хабарлайды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде қор жанынан бес адамнан тұратын қамқоршылық кеңес құрылды. Оның құрамына төмендегі азаматтар кірді:

  • Қамқоршылық кеңес төрағасы - Ғалымжан Ниязов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары.
  • Кеңес мүшелері - Жармағамбет Айтуаров, Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі;
  • Серік Қалдығул - Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы;
  • Римма Өтесбаева - Маңғыстау облысы мәслихатының депутаты;
  • Дайрабай Үсіпбаев - «Казимпэкс-Ақтау» қорының басшысы.

Бүгінгі күні қайырымдылық қорына барлығы 43 089 300 теңге жиналды. Оның ішінен Батыс Қазақстан, Атырау мен Алматы облыстарынан 24 вагонын шөп жеткізу үшін 2 256 810 теңге жол ақысы төленді.

Қалған қор қаржысына қыс бойына өзге өңірлерден жем алдырып, шаруаларға нарық бағасынан 20% төмен бағамен сату жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жем бағасын тұрақтандыруға және тұрғындарға қол жетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік бермек.

Осы механизм бойынша Қостанай облысынан 290 тонна кебек сатып алынып, 27 144 000 теңге жұмсалды. Қостанайда бір келі кебек құны - 83 теңге тұрады. Оған темір жол ақысын қосқанда Маңғыстауға  94 теңгемен жеткізіледі. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында жалпы сатылымдағы 1 келі кебектің орташа бағасы 110 теңге.

Шаруалардан жиналған қаражат қайтадан жем-шөп сатып алуға жұмсалады. Жеткізілген мал азығы қайта 20% жеңілдікпен сатылады. Бұл механизм қордағы қаржы аяқталғанша жалғаса береді. Осылайша қор қаржысы 20%-дан кеми отырып, қыс бойы тұрғындарға арзан бағамен жем алуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні қорда 13 688 490 теңге қалды. Бұл сомма жаңадан жем-шөп сатып алған сайын 20%-ға кеміп отырады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.