$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.09.2021, 10:53
Қоғам

Хайп, аудитория, жарнама: Қазақстандағы антиваксерлердің артында кімдер тұр?

Антиваксерлер әлеуметтік желіде бір-бірін белсенді түрде қолдайды

Хайп, аудитория, жарнама: Қазақстандағы антиваксерлердің артында кімдер тұр?
Коллаж: Azattyq Rýhy

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакциналау науқаны басталмай жатып көпшілік арасында «бүкіләлемдік қастандық теориясы», яғни, коронавирус адамзатты чиптеу үшін ойлап табылғанына сенушілер көп болды. Әлі күнге дейін мектептердегі дезинфекция жұмыстарын «оқушыларды улау» деп қабылдап, «тікұшақпен вирус сепкізетін билікке» қарсы антиваксерлер әлеуметтік желіде вакцинаға қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда.

АНТИВАКСЕРЛЕРДІҢ ТӨРТ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ

Factcheck.kz ресурсының редакторы Павл Банник журналист Мария Сероваға берген сұхбатында Қазақстандағы антиваксерлердің артында кім тұрғанына қатысты жүргізген зерттеуіне сүйене отырып, антиваксерлердің төрт тобы туралы айтқан.

«Зерттеу барысында біз бірнеше қоғамдастықты анықтадық. Бірінші кезекте бұл топ бізге Ресейден келген және олар өздерін «Саналы қазақстандықтар» бірлестігі деп атайды. Қауымдастық қатысушылары ант қабылдап, бұдан кейін өздерін әлемдердің алғашқы жаратушысының қолына беретіндігі туралы құжаттарға қол қойып, тек соның заңымен өмір сүреді. Өздері тұратын аумақ заңымен өмір сүруден бас тартады және ол аймақтың бәрін бүкіл адамзаттікі деп жариялайды. Ресейлік конспиралогиялық Ұлт-азаттық қозғалысы (НОД) Ресейді Батыс жаулап алған, ондағы билік қуыршақ деп ойлайды. Екінші – «Саналы қазақстандықтар» бірлестігі, олар да «бүкіләлемдік қастандық теориясына» сенеді. Үшінші топ – Шіркеу саентологтары, олардың өз мүддесі бар және олар антиваксерлік пропаганданы белсенді таратпайды. Төртінші топ – Денсаулық кодексінен бастап, Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заңды енгізуге қарсы болған блогерлер тобы. Қазір олар ата-аналар одағын құрып, сондағы жиындарға белсенді қатысып жүр. Бұл топ та екпе алуға қарсы және  көңілге күмән ұялататын ұйымдар, тұлғалармен жұмыс істейді. Ұйымдарға келсек, онда ол халықаралық болып кеткен испандық CitizenGO. Бұл петиция платформасын жамылған ультрақозғалыс. Олардың өкілдері алғаш жұмысын Еуропада, кейіннен Ресейде жүргізді, аяғы бізге де келді. Денсаулық кодексіне, вакцинаға қатысты петицияларды қарасаңыз, плакаттарда CitizenGO логотиптері бар», - дейді Павл Банник.

Былтыр «Балаларды қорғауға қатысты» қабылданбақ болған заңға қарсы шыққан белсенді топ өкілдері Павл айтқан антиваксерлердің төртінші тобын толықтыруда.

Олардың қатарында шымкенттік дәрігер Айна Бакеева, блогер Әлия Исенова мен Анатолий Ким бар («Балаларды қорғауға қатысты жаңа заңға» қарсылық танытқан белсендінің өзі өгей балаларына қатаңдық танытқаны белгілі болып, жұмыс тобынан шеттетілген). Сондай-ақ, құқық қорғаушы Бағила Балтабаева, продюсер Әмір Мәуленов, оралдық журналис Жанар Дәулетова және тағы да бірқатар заңгерлер мен қазақстандық «ата-аналар одағымыз» деп жиын өткізіп жүрген қауымдастық өкілдері.

Олар Instagram желісінде бір-біріне белсенді түрде қолдау білдіріп, күні кеше ғана шымкенттік продюсер Әмір Мәуленовтің қолдауымен конференция өткізгендерін желіде мәлімдеді.

АНТИВАКСЕР БОЛУДЫҢ ПАЙДАСЫ ҚАНДАЙ?

Аталған антиваксерлерге бұдан «қандай пайда бар?» деген сұраққа келсек, бірінші кезекте – хайп арқылы Instagram парақшаларына аудитория жинап, пікір мен қаралым санын өсіру.

«Хайп аудитория санын өсіреді, ал цифрлы заманда аудитория дегеніміз – ақша. Сенің аудиторияң – сенің капиталың. Ол аудиторияны саясиландыруға, қаржыландыруға болады. Тіпті орта деңгейлі конспирологтың өзі бірнеше арналар желісін құрып, аптасына төрт-бес ролик жасау арқылы жарнама мен трафиктен айына 2 мың доллар таба алады. Хайп – капитал табудың бір бөлігі», - дейді редактор.

Сондай-ақ, Павл антиваксерлердің көпшілігі «күштеп ектіруге қарсымыз» деген желеумен вакцинаны ектіріп алуы әбден мүмкін дейді. Оған дәлел - айтыскер ақын Балғынбек Имашев. Ол «күштеп екпе егуге» қарсы екенін желідегі парақшасында ашық түрде жазып, тіпті, екпе екпегендерге арнап ұтысқа баспана қою акциясын өткізді. Бірақ Nege.kz сайтына берген сұхбатында ақын «Дубай мен Түркияға жиі ұшатындықтан, вакцина ектіргенін» мойындаған.

Соңғы кездері әзілкеш, актер Нұрболхан Шарапов (Instagram желісінде 1 млн оқырманы бар), әзілкеш Мадияр Серікбаев (815 мың аудиториясы бар) вакцинаға қарсы жиі жазба жариялап жүр. Күні кеше ғана Шымкент қаласында антиваксерлер жиынына қатысқан Нұрболхан Шарапқа хабарласып: «Жиынға барудағы мақсаты қандай болды, басқа қалаға ұшып барып келген жол шығынын кімдер төледі, жалпы бұл қозғалыстың мақсаты қандай?» екенін білу үшін хабарласып көрдік. Алматыда екенін айтқан әзілкеш телефонмен де, былай да сұрақтарға жауап беруге «уақыты жоғын» айтты. Сондай-ақ, айтыскер ақын Балғынбек Имашқа, әзілкеш Мадияр Серікбаевқа хабарласып едік, телефон қоңырауына ешкім жауап бермеді.

Айта кетерлігі, қазақстандық антиваксерлердің қатарынан бірде-бір медицина саласының ғалымын таба алмадық. Сондай-ақ, антиваксер болып жүргендердің біреуінің қолында вакцинаның зияндығына қатысты ғылыми жүргізген зерттеулер жоқ.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары