Алматыдағы жағдай мемлекет пен қоғамды ойландыруы қажет - Мәжіліс депутаты
Алматыдағы атыс бойынша екі қылмыстық іс қозғалды
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров 20 қыркүйекте болған Алматыдағы қайғылы жағдайға қатысты пікір білдіріп, сот шешімдері әділетті, түсінікті болуға тиіс екенін айтты.
«Бұл бүгінгі үлкен проблема. Елімізде заңдылық болуы керек. «Заң қатал, бірақ ол заң» принципі универсалды бап. Дегенмен, заңның өзі әділеттілік принципіне негізделуі тиіс.
Әділдік, гуманизм арқылы ғана заңның толық орындалуын қамтамасыз етуге болады. Бірақ, рецидивист, сепаратист, зорлық- зомбылыққа жақын, адамның ала жібін аттайтын азаматтарға заң өте қатал болуы абзал. Қарапайым, заңды орындайтын, еңбекқор адамның мүддесін қорғайтын заңдар керек. Сот шешімдері әділетті, түсінікті болуы тиіс. Бұл бүгінгі үлкен проблема. Заң қатал, бірақ таза, кіршіксіз, адал адамдар жағында болуы қажет, - деді депутат.
Еске салайық, 20 қыркүйек сағат 17:00 шамасында Алматы қаласындағы «Ақбұлақ» шағынауданында қайғылы оқиға болды. 54 жастағы ер адам үйден шығару туралы сот шешімін орындауға келген сот орындаушыларына, полиция қызметкерлеріне және ТЖД қызметкерлеріне аңшы мылтығынан оқ жаудырған. Нәтижесінде екі полиция қызметкері, бір сот орындаушысы және екі бейбіт тұрғын, соның ішінде үйдің жаңа қожайыны қаза тапты. Қайғылы оқиға салдарынан қайтыс болған бесінші адамның жаңа үй қожайынының танысы екені анықталды.
Алматыдағы атыс бойынша «Кісі өлтіру» және «Билік өкіліне шабуыл жасау» баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Белгілі болғандай, оның атына қару 2008 жылы тіркелген, күдікті психиатриялық диспансерде есепте болмаған.