Оба індеті: Ресей ДДСҰ-ға маңызды мәлімдеме жасады
ДДСҰ Ресейдегі оба індетінің таралу қаупін төмен деп бағалады
Ресей билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДСҰ) Иркутск қаласында оба ауруының бірде-бір жағдайы тіркелмегенін хабарлады. Карантинге орналастырылған адамдардың басым бөлігі үйлеріне жіберілген. ДДСҰ әзірге инфекцияның таралу белгілерін байқамай отыр және Ресейде індет тарау қаупін төмен деп бағалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Reuters-ке сілтеме жасап.
ДДСҰ өкілі Кристиан Линдмайер 6 қазанда Женевада өткен брифингте ұйымның сұрауына Ресей билігінің берген ресми жауабын жариялады.
«Ресей Федерациясының Иркутск қаласында бұл қауіпті аурудың бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ», – делінген жауапта.
Линдмайердің айтуынша, марқұммен байланыста болған адамдардың барлығы анықталып, медициналық бақылауға алынған. Қазіргі уақытта олардың ешқайсысында ауру белгілері байқалмаған.
ДДСҰ Иркутск үшін тәуекел деңгейін «орташадан төменге дейін», Ресейдің қалған аумағы үшін «төмен», ал Еуропа үшін «өте төмен» деп бағалады.
Роспотребнадзор оба ауруын жоққа шығарды
Роспотребнадзор да соңғы он күнде обаға қарсы институт қызметкерлерінің арасында инфекциялық ауру жағдайлары тіркелмегенін мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, жүргізілген кеңейтілген зерттеулер қайтыс болған әйелдің ағзасынан оның кәсіби қызметіне байланысты микроорганизмдерді анықтамаған.
Марқұммен байланыста болған адамдар ауруханаларға орналастырылып, медициналық бақылауға алынды. Онда күн сайын зертханалық тексерулер жүргізілген.
Талдау нәтижесінде екі адамнан COVID-19, тағы екі адамнан риновирустық инфекция анықталған. Роспотребнадзордың мәліметінше, басқа инфекциялық аурулардың қоздырғыштары табылмаған.
Еске салайық, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі көрші елде індетті таралғанына қатысты ақпарат шыққан соң шұғыл үндеу жасады.